Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылында дүниеге келген
1945 жылдың 2 мамырында Берлин гарнизоны қарсыласуды тоқтатты. Қанды майданның 1411-і күні неміс әскерлері жаппай тұтқынға беріле бастады. Оған себеп болған басты оқиғаның бірі – 30 сәуір Рейхстагқа тігілген ту еді. Ал сол сұрапыл соғыстың соңғы нүктесін қойған сабаз батырлар Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылында дүниеге келген. 18 жасында әскер қатарына алынып, 1944 жылы Фрунзедегі жаяу әскер училищесін бітірді. Майдан даласына да осы жылы аттанған.
«Бірінші Беларусь майданы, үшінші Екпінді армия, оның ішіндегі 150-дивизияда бір батальонның үшінші ротасында взвод командирі болған. 1944 -1945 жылдар аралығында бірнеше рет ерлік жасайды», – деді тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев.
1945 жылдың 30 сәуірі. Лейтенант Рақымжан Қошқарбаев қасына қатардағы жауынгер Григорий Булатовты ертіп, Берлиннің бас ғимаратына қарай беттейді. Бұршақтай жауған оққа қарамастан қайсар батырлар Рейхстагқа бірінші жетіп, фашистер ордасының ғимаратына жеңіс туын желбіреткен. Алайда соғыстан кейін бұл оқиғаның тарихта бұрмаланып кеткені ешкімге жасырын емес.
«Сол кездегі идеологияға сәйкес, орыстар мен грузиннің аты бірінші аталды. Шындығында, мына Татарстандағы, Уфадағы, Башкириядағы Григорий Булатов пен Рақымжан Қошқарбаевтың ұзақ уақыт тарихи шындықтың жүзеге аспауы олардың өміріне үлкен әсер етті», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Жомарт Құдайбергенұлы.
Кейін ел егемендігін алып, тәуелсіз мемлекетке айналғанда 1999 жылы Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Жарлықта «Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа жоғарғы ерекшелік белгісі - «Халық қаһарманы» атағы берілсін» деп көрсетілген. Аталған құжат Президент архивінің қорында сақтаулы тұр.
«Архивте Рақымжан Қошқарбаевқа байланысты көптеген құжат сақталған. Соның бірі – 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оның ерлігі мен батырлығын, қаһармандығын насихаттайтын құжат,Ол 1999 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген «Халық қаһарманы» атағын алды», – деп хабарлайды ҚР Президенті архивінің қызметкері Сымбат Шайжанова.
Даңқты батыр сұрапыл соғыстан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1947–1967 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор болды. 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры болды. Бүгінде даңқты батырдың есімі берілген мектеп пен көшелер, еңселі ескерткіштер бар.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматыда ұландықтар 90 жастағы тыл ардагеріне құрмет көрсетті