Рейс кешіккені үшін компания басшылығын жазалау керек - сенатор

Қазақстандық авиакомпанияларға 40 млн теңге айыппұл салынған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде әуекомпаниялардың қоғамдық рейтингі енгізілуі мүмкін. Сенатор Андрей Лукин министрлер кабинетіне осындай ұсыныс тастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Айшылық алыс жерлерге жылдам емес, жырлап жететін болдық. Әуе рейстері белгіленген кестеден кешігеді де жатады». Осылай деп сауалын бастаған сенатор Қазақстандағы ұшақтардың кідірісі соңғы уақытта тіпті жиілегенін жеткізді. Бір қаладан екінші қалаға бет алған жолаушылардың әуежайда сағаттап емес, тәулік бойы қалатын кездері де болғанын жасырмады. Ол аздай, азаматтарға көрсетілетін қызметтер стандарты да сын көтермей тұрғанын айтып қалды.

"Рейстің кешіккені үшін компания басшылығын жазалап қана қоймай, ондай жағдайда жолаушыларға көрсетілетін қызмет стандартын жақсарту керек емес пе? Ұшақ бірнеше сағатқа кешіксе, азаматтарға ыстық тамақ пен жатын орын ұсынылуы тиіс. Кестедегі сапар орындалмай, 5 сағаттан аса кідіріс болса, жолаушыларға басқа рейс қарастырылуы қажет. Тіпті кей жағдайда билеттің толық сомасы қайтарылуы керек. Алайда бұл талаптардың біреуі де орындалмайды", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин.

Сенатор сауалын нақты дерекпен жалғай кетті. Жағасын ұстатқан бір жайт, 12 тамызда Ақтаудан Алматыға жоспарланған ұшақ 13 сағат кешіккен. Әуежайда түнеп, жолын тосқан халыққа әуе компаниясы айыбын біліп, ешқандай қызмет ұсынбаған. Қонақ үйге де жайғастырмаған. Тап осындай жағдайға қатысты соңғы 9 айда 14 протокол толтырылған. Қазақстандық авиакомпанияларға 40 млн теңге айыппұл салынған.

"2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айына дейін 70 мыңнан аса ішкі рейс ұйымдастырылған. Оның ішінде  10 мыңға жуық рейс кешіккен. Түрлі себеп бар, Бір әуе ұшағы ұшса, қалғандарына да әсерін тигізеді", – деді ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі Ләззат Стамғазиева.

Рейс орындалмай немесе 8 сағаттан артық кешіккен жағдайда әуе компаниясы жолаушыға бірнеше қызмет түрін көрсетуге міндетті. Біріншісі ас суы, ыстық тамақ, одан кейін демалатын орын ұйымдастыруы керек. Заңнамадағы қарапайым бұл ережелерді әуекомпаниялар орындай бермейді. Екі күннің бірінде қызметтеріне шағым айтып шырылдаған халықтың қарасы көп. Министрлік кестедегі жоспарланған сапарға әуежай басшыларын да тікелей жауапты етпек.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы,  Астана

Оқи отырыңыз: Visit Almaty: әуежайда жаңа ақпараттық орталық ашылды

Новости партнеров