Ресейден 4 жолбарыс елімізге қашан жеткізіледі

24.06.2025 15:30

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жолбарыс бойынша Мемлекетаралық жұмыс тобының отырыстары жүріп жатыр

Frida Lannerström/unsplash.com/

Ресейден елімізге жолбарыстарды жеткізу мәселесі әлі пысықталып жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жолбарыс бойынша Мемлекетаралық жұмыс тобының отырыстары жүріп жатыр. Министрлік алғашқы жолбарыстарды Қазақстанға әкелу мәселесін пысықтап жатыр. Әзірге нақты уақыты анықталған жоқ", — деді министрліктен агенттіктің сауалына орай.

Айта кетейік, 2024 жылы 21 қыркүйекте Нидерландының Хендердаэлл зообағынан «Іле-Балқаш» резерватына 2 жолбарыс жеткізілді. Қазір жолбарыстардың жағдайы бірқалыпты. Қыс мезгілін жақсы қыстап шықты.

"Жолбарыстар қоршау ішінде болғандықтан олардың күнделікті күтімімен «Жолбарыс» жабайы мысық тектестерді сақтау қауымдастығының мамандары айналысады. Резерват қызметкерлері, яғни мемлекеттік инспекторлар аумақта заңсыздыққа жол бермеу және орман өртін болдырмау, Балқаш көлін жағалай кезекшілік жұмыстарын жүргізу, арнайы бекеттер арқылы бақылау жұмыстарымен айналысады. Резерват штатында жолбарыстарды күтіп ұстау бойынша арнайы маман қарастырылмаған. Сондықтан резерват жолбарыстарды күту, бақылау және ветеринарлық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын «Жолбарыс» қауымдастығымен шарт жасасқан. Ал резерват қауымдастықтың жұмысын бақылау жүргізеді", — деді ведомстводан.

Оқи отырыңыз: Алматы маңында пойыз екі адамды басып кетті