Республика күні: Алматыда спорттық фестивалі қалай өтті

25.10.2024 20:14

Сайыста 1500-ден астам қатысушы бақ сынады

Мегаполистегі іс-шаралар легі спорттық фестивальмен жалғасын тапты. 18 жасқа дейінгі қатысушылар кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Басты мақсат – жастарды бұқаралық спортқа тарту, оларды салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр, сергек болуға ынталандыру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Республика күнін мерекелеу аясында өткізілген сайыста 1500-ден астам қатысушы бақ сынады. Қатысушылар  7 түрлі спорт түрінен бақ сынады.  Спортпен бірге денсаулықты нығайту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу – фестивальдің басты мақсаты.

Атап айтсақ, қазақ күресі, мини-футбол, үстел теннисі, волейбол, каратэ, таеквандо және дзюдодан бас жүлде сарапқа салынды. Жаттықтырушылардың сөзінше, бүгінде балалардың дзюдоға деген қызығушылығы артқан.

"Балалардың қызығушылығы артып келе жатыр. Қазір интернет бар, көп ақпарат оқиды. Елдос ағамыз чемпион болып келіп жатыр. Үйлі болып, көлік мініп жатыр! Дзюдоға қатысатын оқушы бала көп. Қаладағы әр үйдің астында бір дзюдо залы бар деп айтсақ, қателеспейміз", – деді жаттықтырушы Еламан Сұлтанбай.

Бұл фестиваль Алматыда екінші мәрте өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық сайыса қатысуға ниет білдірушілер көп.

"5 жастан 18 жасқа дейін қатысушылар ниет білдірді. Ал футболға 2013-2014, 2015-2016 жылы туған жеткіншектер келеді. Алдағы уақытта жарысқа жаңа спорт түрін қосу жоспарда бар. Баскетбол немесе стритбол сияқты ойындар қосылуы мүмкін", – деді жаттықтырушылар қауымдастығының атқарушы директоры Бауыржан Талғатұлы.

«Бүгінгі кездесулер тартысты өтті» десек қателеспейміз. Фестивальге қатысушылар спорттық шеберлігін көрсетіп қана қоймай, достық пен бірлікті нығайтуға үлесін қосты. Әрбір жеңіс – бұл еңбек пен төзімділіктің нәтижесі.

Еркебұлан Серікұлы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Республика күнінде Қазақстанда қанша сәби дүниеге келді