Мектеп Түркістандағы халық саны көп елдімекенде бой көтерген
Республика күні қарсаңында Түркістан облысында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірі – облыс орталығында ашылған 600 оқушыға шақталған білім ұясы. Мектеп Түркістандағы халық саны көп елдімекенде бой көтерген. Сондай-ақ Сарыағаш ауданында 500 балаға арналған спорт кешені ашылды..
Баянауыл елдімекенінде бұған дейін мектеп болмаған. Оқушылар жақын аймақтардағы білім ошақтарына қатынап, білім алуға мәжбүр болған. Енді 2-тоқсаннан бастап 600 оқушы күні кеше қолданысқа берілген ғимаратта білім алады.
Аталған білім ұясында әр пәнге арналған 32 кабинет бар. Олардың әрқайсысы арнайы техникалармен жабдықталған. 200 орындық асхана мен үлкен спорт залы да көпті қуантты. Жаңа ашылған бұл оқу ордасы өңірдегі 3 мектептің жүктемесін жеңілдетпек.
"Жаңа үлгідегі 4 кабинет бар. Химия, физика пәндерінің теориясын кабинетте, практикалық жұмысты зертханада жүргізеді", – деді № 35 Жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Маржан Қорғанбекова.
Ал Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында 500 балаға арналған спорт кешені ашылды. Онда 8 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Құны 535 млн теңге болатын ғимараттың құрылыс жұмыстарына қаржыны дәл осы Дарбазадан шыққан инвестор бөлген.
"Құрылыс наурызда басталып, қазанда толық аяқталды. Ауылға әлеуметтік нысандар қажет. Әлі талай істер атқарамыз деген ой бар", – деді жеке кәсіпкер Абылай Салимов.
Спорт кешенінде күрестен бөлек, футбол алаңы мен шахмат үйірмесі бар. Сондай-ақ таэквондо, бокс, дзюдо, самбо, үстел теннисімен де айналысуға болады. Ғимарат ішінде керекті жабдықтар жетерлік. Суық күнде балалар тоңбас үшін еденге жылыту жүйесі де жүргізілген.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Түркістандықтар қала күнін атап өтті