Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда Президент Республика күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді ұсынған
Елімізде Республика күнінің қайта тойланып жатқанына биыл - төртінші жыл. 2022 жылы маусым айында Ұлытаудағы ұлттық құрылтайда Президент Республика күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуді ұсынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1990 жылы Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен байланысты, яғни еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды.
«Егемендік құжаты елге ішкі және сыртқы саясатын, ішкі нарығын реттеуге, билік жүргізуге мүмкіндік берді. Қазақ КСР келер жылы жаңа құжат қабылданғаннан кейін мемлекет атауын Қазақ республикасы деп ауыстырды. Семей полигонының жабылуына байланысты қазақ қоғамындағы маңызды шешім қабылданды», – деді саясаттанушы Әлібек Жаппасбаев.
Тарихи құжат қабылданған тұста ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақтың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, халықаралық қатынастардағы дербестік, мемлекеттік рәміздер бекітілді. Сонымен бірге саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Яғни декларация арқылы кеңестік заңдардан бас тартып, Ата заңымызды қабылдауға қадам бастық. Көпшілік «ел егемендігіне жол ашқан атаулы датаның маңызы ерекше» дейді.
«Республика күні 2022 жылы 25 қазаннан бастап тойланады. Мереке әр қазақтың патриоттық сезімін оятады», – қала тұрғыны.
«Бұл рухани байлығымызды қайта жандандыру мақсатында қолға алынған шара деп ойлаймын. Қазақстан алпауыт елдер қатарына қосылу үстінде, дамушы елдер қатарына кіреміз. Мен болашақ балаларымды қазақи ортада, қазақи тәрбиемен өсіргім келеді. Сонда ғана ұлттық, рухани құндылықтарымызды жоғалтпаймыз деген ойдамын», – деді қала тұрғыны.
Республика күні алғаш рет 1995 жылы мемлекеттік мереке ретінде жарияланып, 2009 жылы алынып тасталды. Ал 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен қайта енгізілді. Президент мерекенің тарихи маңызын айшықтап, қайта бекіту туралы заңға қол қойды.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: 25 қазан – Республика күні: қазақстандықтар үшін ұзақ демалыс аптасы