Қысқы жұмыстарға құрама жол машиналары, автогрейдерлер, тиегіштер, шнекті-роторлы қар тазалағыштар, тракторлар және басқа да техника жұмылдырылады
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын алдағы қысқы маусымға дайындау бойынша кешенді жұмыстар жүргізді. Арнайы техниканың дайындығы 96%-дан асады. Бұл туралы ОКҚ алаңында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, қысқы жұмыстарға құрама жол машиналары, автогрейдерлер, тиегіштер, шнекті-роторлы қар тазалағыштар, тракторлар және басқа да техника жұмылдырылады.
«Соңғы екі жылда жол қызметтерінің техника паркі бір 1966 жаңа техникамен толықты. Бұл қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау мүмкіндігін едәуір арттырды. Қысқы маусымға қажетті материалдар қоры да толық дайындалды. Осылайша жол қызметтері қысқы маусымға толық дайын. Қажетті техника мен материалдар жеткілікті. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда да тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік бар», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Қысқы дайындық техника мен материал қорын жасақтаумен шектелмейді. 2023–2026 жылдары қар басу қаупі жоғары жолдардың ұзындығы 16%-ға, яғни шамамен 400 шақырымға қысқарды. Тұрақты қар тоқтатқыш қоршаулардың ұзындығы 2 еседен астам артып, 403 шақырымнан 832 шақырымға жетті. Бұған қоса, 6 063 шақырым қар тоқтататын орман белдеуі мен 101 шақырым уақытша қар қорғаныш қалқаны пайдаланылуда.
Оқи отырыңыз: Климаттық өзгеріс: елімізде жылыту маусымының уақыты өзгеруі мүмкін