Өңірде 278 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр
Құрылтай сайлауын атыраулықтар сән-салтанатымен өткізіп жатыр. Аудан орталықтарында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ал қала тұрғындары үшін концерт пен жәрмеңке жасалса, атыраулық рекордшы атанған Ерсейіт Бралин күш атасын көрсетті. Жалпы өңірде 278 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. 428 мың 127 тұрғын дауыс беру құқығына ие, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Атырауда саяси науқан күні сайлау учаскелерінің біріне 1990 жылдар үлгісіндегі фото аймақ қойылған. Арнайы кеңістік ретро стильге сай безендірілген және «Құрылтай» деген жазуы бар кілем ілінген. Сайлаушылар мұнда естелік суретке түсіп, сол кезеңнің атмосферасын сезіне алады.
«Сайлауға алғаш рет қатысып тұрмын. Фотозона керемет ұйымдастырылған. Бұрынғы 90 жылдардағы естеліктер еске түсіп жатыр», – деді Атырау қаласының тұрғыны Санат Марат.
Сондай-ақ перзентханадағы жас аналар да саяси науқаннан қалыс қалмады. Перинаталдық орталықтағы 100-ге жуық пациенттің дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалған. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын әйелдер үшін жылжымалы сайлау жәшігі ұйымдастырылды. Арнайы жәшік босану бөлімдеріне жеткізіліп, пациенттер өз таңдауын жасады.
«Еліміз үшін өте маңызды күн деп білемін. Мен перинаталдық орталықта бірінше рет дауыс беріп жатырмын. Алты күн болды бесінші бөпемді босанып жатырмын. Көпбалалы анамыз», – деді Атырау қаласының тұрғыны Перизат Сапаева.
Ал осыған дейін салмағы 165 тонна болатын жеті теміржол вагонын сүйреп, рекорд жасаған Ерсейіт Бралин сайлау күні тағы да күш атасын көрсетті. Рекордсмен учаскенің жанында жүк көлігін сүйреді. Одан кейін темірді иіп, сайлау күніне орай «23» санын жасады.
«Құрылтайға орай шахман камазын 23 метрге сүйреп өнерімді көрсеттім. Сонымен қатар 127 учаскеге келіп, таңдауымды жасадым, азаматтық борышымды атқардым, еліміз тыныш жұртымыз аман болсын. Алға Қазақстан!» – деді рекордшы Ерсейіт Бралин.
Сондай-ақ тарихи күні сайлау учаскелерінің жанында мектепке қажетті заттар мен азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Осылайша тұрғындар сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасағаннан кейін жәрмеңкеден азық-түлік пен балаларға қажетті мектеп құралдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: 101 жастағы Кәмиля Досқалиқызы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады