Риддер қаласындағы жылу жүйесін жөндеуге тағы қаражат бөлінеді

24.04.2026 19:40

ЖЭО-ны жаңғыртуды аяқтап, құбыр желілерін ауыстыру үшін Үкімет биыл тағы 2,5 миллиард теңге бөледі

ШҚО-да Риддер қаласындағы жылу жүйесін жөндеуге Үкіметтен тағы қаражат бөлінеді. Өйткені шаһардағы құбырлардың 85 пайызы әбден тозған. Салдарынан қыста апат жиілеп, тұрғындар суықта отыруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Риддердегі жылу электр орталығын жаңғыртуды аяқтап, құбыр желілерін ауыстыру үшін Үкімет биыл тағы 2,5 миллиард теңге бөледі. Осылайша, жылу трассалары жаңғыртылып, 12 шақырым құбыр ауыстырылады.

Айта кету керек, 4 жылдан бері апатты деп танылған жылу стансасына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Жылу электр орталығы «қызыл аймақтан» шығып, «жасыл аймаққа» жақындап келеді. Биыл бөлінген қаржы жөндеу жұмыстарын толық аяқтауға мүмкіндік береді», – деді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.

Мамандардың сөзінше, 3 жыл бұрын Риддер жылу жүйесі тозған қалалардың қатарында еді. Қыста ондаған апат тіркеліп, құбырлар жиі істен шығатын. Бүгінде жағдай түзеле бастаған.

«Қазір жағдай біршама түзелді. Жаңғыртудан кейін жылу электр орталығы жылыту маусымын ірі ақаусыз өткерді. Бұрын ондаған апат болса, бүгінде олардың саны үшке дейін азайған. Биыл жылу желілерінің 12 учаскесінде жөндеу жоспарланған», – деді Риддер ЖЭО директоры Кирилл Голота.

Көпқабатты үйлердің біразы жаңартылған жылу трассасына қосылды. Тұрғындар да үйдің жертөлесіндегі ішкі желіні ауыстыруға атсалысып жатыр.

«Бәріміз бірігіп, қаражат жинап, жүйені жөндедік. Қазір пәтерлерде жылу жақсы», – деді ¤Риддер қаласының тұрғыны Галина Серохвостова.

Жалпы елімізде тозығы жеткен 37 жылу стансасы бар. Оларды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Диана Тұрлыбек, Руслан Мухамедьяров, ШҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы теміржол желісінің 57 пайызы тозған - депутат