Риддер маңында аюлар адамға шабуыл жасады: ШҚО тұрғындары үйден шығуға қорқып қалған
ШҚО-да аюлар қала маңы мен ауылдарды жиі төңіректей бастады. Маусым айынан бері мамандар елдімекендерде жыртқыш аңдардың жүргені туралы 40-тан аса хабарлама алған. Бүгінде тұрғындар қараңғы түссе, үйлерінен шығуға қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Риддер іргесіндегі Шаравка ауылының халқы үшін қорбаңдаған аюларды жақын маңнан көру қалыпты жағдайға айналып барады. 2 жыл бойы жергілікті жұрттың зәресін алған жыртқыш аңдар мұнда тек түнде емес, күндіз де жүретін болыпты. Ал биыл жазда жағдай тіпті күрделене түскен көрінеді. Ауыл тұрғындарының бірі Наталья Копылова аюмен бетпе-бет кездесіп, қатты қорыққанын айтады.
«Өте қорқынышты! Мен аюмен бетпе-бет келдім. Өзім күнделікті малдың артынан жүремін, оларды жайылымға жіберемін. Ал өрістен күтіп аларда бұтаның ар жағында не күтіп тұрғанын білмеймін», – деді Шаравка ауылының тұрғыны Наталья Копылова.
Ауыл тұрғындары аю салған соқпақ жолды да, олардың қай жақтан және не үшін келіп-кетіп жүргенін де біледі. Көктемгі үсік пен қуаң жаз жидек, саңырауқұлақ, жаңғақ сынды қоректердің өнімділігіне әсер етіп, жыртқыштар әбден ашыққан көрінеді. Ал елдімекендегі әрбір үйде бау-бақша бар. Майтабандар сол күзгі өнімдердің қызығын көріп жүр, тіпті адамдардан сескенбейді.
Аюлардың бау-бақшалар мен көкөніс алқаптарына кіруі – мәселенің бір бөлгі ғана. Орман және аңшылық шаруашылығы мамандарының айтуынша, жыртқыштар адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Аталған жағдайға алаңдаушылық білдірген олар аюлардың тұрғындарға шабуылдаған кездері болғанын да алға тартады.
«Риддерде аю адамға шабуыл жасады. Жыртқыш аң азамат омартада жұмыс істеп жүргенде аяқ асты шыққан. Оған жанында болған екі танысы көмектесіп, аюды үркітіп, арашалап қалған. Абырой болғанда ер адам аман қалды. Алайда ауыр жарақат алып, ашық сынықтармен ауруханаға түсті», – деді Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманников.
Жедел жасақтың міндеті – аюларды үркітіп, қайтадан орманға қайтару. Мамандар жабайы аңдарды іздеу жұмыстарына жылу түсіргіш құрылғылар мен дрондарды пайдаланып жүр. Олар бір аптаның ішінде Риддер маңынан ғана 10 жыртқышты анықтапты. Ал жаз айларында аюлардың Алтай, Серебрянск, Ұлан және Марқакөл аудандары, тіпті Өскемен қаласына да келгені туралы 40-тан аса жағдай тіркелген.
Айта кетейік, ерекше қауіпті жағдайларда инспекторларға жануарларды атуға рұқсат етіледі.
Аяулым Көлжігіт, Руслан Мухамедьяров
Оқи отырыңыз: Қызылордадағы мұнай өңдеу зауытынан өрт шықты