Әріптесін өлтіріп, денесін орманға көміп кеткен азамат 10 жылға сотталды

08.10.2025 19:20

Бір аптадан соң ер адам полицияға өзі келіп, жасаған қылмысын мойындаған

Әріптесін өлтіріп, денесін орманға көміп кеткен азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаға ұстатарлық жайт биыл мамыр айында Ақмола облысында болған. Тергеу мәліметінше, 22 жастағы ер адам мен оның әріптесі жұмыстан кейін үйге бірге қайтқан. Жолда екеуінің арасында жанжал туындап, әріптесі пышақ шығарған. Алайда ер адам қарсыласына тап беріп, тұншықтырып, кейін мойын тұсына бірнеше рет суық қаруды сұғып алған. Бір аптадан соң ер адам полицияға өзі келіп, жасаған қылмысын мойындап, мәйітті жасырып кеткен орынды көрсеткен.

«Мадияр Бауыржанұлы Уәлиев ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеу тағайындалды», – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Берікбол Сапарғалиев.

Оқи отырыңыз: Мүгедек бауырын зорлап келген үш ер адам сотталды