Дипломмен ауылға: ШҚО-да медицина мамандары жетіспейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

ШҚО-да медицина мамандары жетіспейді. Әсіресе, аудандар мен қалалардағы ауруханалар 150 ақ халаттыға мұқтаж, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жанға дауа, тәнге ем табатын ақ халаттылар қазір Шығыс Қазақстанда жоқтың қасы. Қалалардағы ауруханаларға маман тарту қиынға соғып жатыр. Мұнда 152 дәрігер жетіспейді десек, оның 38-і ауылды аймақтарға қажет. Ал медицина қызметкерлеріне ең мұқтаж өңір – Өскенмен қаласы. Мұнда 52 дәрігер тапшы болса, Алтай ауданы 43 маманды қажет етеді.

"Мамандар біржолғы ақшалай төлем ала алмайды. Өйткені, қала болып есептелеміз. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасына хат жаздық, шешімін күтіп отырмыз", – деді Алтай ауданы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Олжас Нұрекенов.

Ұсыныс бар, алайда Денсаулық сақтау министрлігінен әлі жауап жоқ. Кадр тарту ісі заң жүзінде қарастырылмаса, облыстағы ауруханалардың бұл мәселені шешуге қауқары жетпейді. Сондықтан мамандар «бағдарламаға ауылдан бөлек, қала мен аудандарды да қосса» деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ біржолғы ақшалай төлем де биыл тек ауылды аймақтарға тартылған дәрігерлерге қарастырылған. Қазір олардың саны - 15. Ал қаржылай көмектің сомасы 1 маманға 8,5 миллион теңге көлемінде үлестірілген. Осындай мүмкіндікке ие болған Ажар Таңатқанқызы қарашаның басында отбасымен Қарағанды қаласындағы Тұрғұсұн ауылына көшіп келген.

"Біз келмесек, кім келеді? Егер жастар қолдамаса, не үшін оқыдық? «Дипломмен ауылға» бағдарламасында қолдау көп. Бізге тегін баспана берілді, жолдасымды жұмысқа орналастырды, балаларымды балабақшаға орналастырды. Біржолғы ақшалай төлемге құжаттар берілді", – деді жас маман Ажар Асқарбекова.

Ақ халаттылар «жас мамандарға мұндай қолдау – мансапты құрудан бөлек, мол тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік» дейді. Ең бастысы – сенімді ақтап, қызметті 3 жыл бойы абыроймен атқарып шығу. Көп жағдайда мемлекеттік бағдарламамен ауылға келген жас дәрігерлер ұзақ уақытқа қалып қояды. Ал қалада медицина мекемелері өз беттерінше кадр даярлауға мәжбүр.

"Медициналық мекемелер өз есебінен мамандарды оқытып жатыр. Бүгінде осындай бастамамен 27 резидент білім алуда. Былтыр жергілікті бюджет есебінен Семей қаласындағы университетте 32 резидент оқытылған. Ал биыл 14 резидентке мүмкіндік беріліп отыр", – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова.

"Дипломмен ауылға" мемлекеттік бағдарламасының жемісін көріп отырған маман көп. Былтыр еліміз бойынша бастама арқылы 9,5 мың жас маман жұмысқа орналасқан.

Аяулым Көлжігіт, Руслан Мухамедьяров, ШҚО

Новости партнеров