Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр
Құрылтай депутаттарын сайлау күнінде Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның төртеуі – жабық учаске. Аймақта сайлаушылардың өз таңдауын жасауына барлық жағдай қарастырылған. Дауыс беру учаскелерінде қауіпсіздік шаралары сақталған. Саяси науқанға қатысып, өз азаматтық таңдауын жасағандар арасында жастар, еңбек ардагерлері мен бірнеше буын өкілдері де бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бүгін облыс орталығында да саяси науқанға қатысып, азаматтық борышын өтеп жатқандардың қарасы қалың. Бірнеше сайлау учаскелерін аралап, науқанның өту барысын бақылап көрдік. Бүгін Ұлытау облысы бойынша 138 362 азамат өз таңдауын жасайды.
Сәтбаев қаласындағы №55 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлауға келген тұрғындардың арасында бірнеше буыннан бері кен өндірісінде еңбек етіп келе жатқан кеншілер әулетінің өкілдері де бар. Бұл отбасы үшін кеншілік – жай ғана мамандық емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан еңбек дәстүрі. Бүгінде әулет жолын жалғаған кеншілер ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан да тыс қалмай, өз таңдауларын жасап жатыр.
Әлкеевтер әулетінің кен өндірісіндегі еңбек дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Ибраһимғабидолла Әлкеев №57 шахтада 38 жыл еңбек етіп, бүгінде құрметті еңбек ардагері атанып отыр. Ардагердің кәсіби жолын бүгінде ұлдары жалғастырып келеді.
«Қадірлі жерлестер, Әлкей әулеті балаларымыз, ұлдарымыз шахтада жұмыс жасайды. Құрылтайдың аса маңызды жүргізіп жатқан жұмысына сенімдіміз. Осыған дауыс беруге семьямызбен келіп отырмыз. Елге сыйлы, қадірлі халық үшін еңбек ететін жастар сайлансын дейміз. Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық. Біздің әулетіміздің династиясы 520 жыл толды», – деді құрметті еңбек ардагері Ибраһимғабидолла Әлкеев.
Айта кетейік, еліміздегі ең қарт тұрғын 116 жастағы Түймегүл Темірбаева саяси науқаннан қалыс қалмады. Кейуана Жаңаарқа ауданының Қызылжар ауылындағы өз үйінде дауыс берді. Саяси науқанға әр буын өкілдері белсенді қатысуда. Олардың қатарында 18 жасқа толып, сайлауға алғаш рет қатысып отырған жастар да бар. Сонымен қатар спортшылар да тарихи науқаннан тыс қалмай, азаматтық белсенділіктерін танытып, өз таңдауын жасауда.
«Бүгін 23 тамыз күні Құрылтайға дауыс беруге алғаш рет келіп тұрмын. Еліміздің болашағы үшін әр азамат дауыс беруін белгілі бір борышы ретінде қабылдаса, еліміздің әрі қарай дамитынына кәміл сенемін», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Аңсар Қуаныш.
«Сәтбаев қаласынан велоспорт түрінен велошерудің басын бастап келе жатырмын. Сәтбаев қаласынан Жезқазған қаласына Құрылтай сайлауына дауыс беруге келе жатырмыз. Құрылтай сайлауына дауыс беру — әрбір азаматтың жауапкершілігі деп есептеймін», – деді велоспортшы ¤Ерхан Жанкелдиев.
Өңірде бүгін ерекше қажеттілікті талап ететін 405 адам дауыс береді. Барлық учаскелер пандустармен және тұтқалармен, тиісті бұрыштармен және дауыс беру үшін қажетті құралдармен жабдықталған. Бұл күні облыстың қалаларында 8 инватакси қызмет көрсетеді.
Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Сайлау күні №953 учаскесінде гендер-пати ұйымдастырылды