Кадрлық әлеуетті күшейтуге, жоғары технологиялық өндірістерді жолға қоюға бағытталған ғылыми-технологиялық парк құрылмақ
«Цифрландыру мен жасанды интеллект жылында жоғары технологиялық жобаларды іске қосу үшін жағдай жасау қажет». Бұл туралы Алматыға жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет басшысы жұмыс сапарын алдымен елдегі атом саласының негізгі ғылыми орталығы саналатын ядролық физика институтынан бастады. Мұнда Олжас Бектенов ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының жай-күйімен танысып, негізгі қондырғылар мен өндірістік алаңдардың жұмысын көрді. Қазір бұл ғылыми орталықта 11 бірегей эксперименттік қондырғы жұмыс істеп тұр. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта ядролық криминалистика бағыты бойынша өңірлік оқу орталығын ашу жоспарда бар.
Зерттеу реакторымыз тек ғылым үшін ғана емес, сонымен қатар маңызды өндірістік міндеттерді де орындайды. Медицинадан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін радиациялық технологияларды дамытамыз. Атап айтар болсақ, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік кеңінен қолдайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Біздің базамыздың бірегейлігі – болашақ АЭС үшін мамандарды халықаралық ұсыныстарға сәйкес дайындауға мүмкіндік береді», – деді Ядролық физика институты өндіріс жөніндегі бас директорының орынбасары Евгений Ермаков.
Жұмыс сапары аясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет басшысына ғылымды шоғырландыру аумақтарын құру тұжырымдамасын таныстырды. Пилоттық жоба ретінде Ядролық физика институтының алаңы таңдалып отыр. Бұл жерде кадрлық әлеуетті күшейтуге, жоғары технологиялық өндірістерді жолға қоюға бағытталған ғылыми-технологиялық парк құрылмақ. Жоба нәтижесінде 400-ден астам ғалымды тарту жоспарланған.
«Ұлттық жоғары оқу орындарымен бірлесіп кадр даярлау жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын реактор базасында шамамен 25–30 адам тәжірибеден өтеді. Қазір шетелдік тапсырыс берушілердің арқасында бағалы тастарды сәулелендірумен айналысып жатырмыз. Реакторымыз 95 пайызға толып тұр», – деді Ядролық физика институты бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаев
Премьер-министрдің жұмыс сапары одан әрі «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» аумағында жалғасты. Қазір мұнда 203 компания жұмыс істейді. Жалпы инвестиция көлемі 399 миллиард теңгеден асып, 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1 триллион теңгеге жеткен.
«Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы цифрландыру қажеттілігі туралы үнемі айтып келеді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы цифрландыруды бірінші кезектегі міндет деп санаймыз. Сол себепті кәсіпорын жабдықтың қажетті көлемін қамтамасыз етуге дайын. Барлық аспаптарымыз деректерді жолдау функциясымен жарақталған, бұл заманауи диспетчерлеу қызметіне негізі бола алады», – деді компанияның құрылтайшысы Ерлан Нәбиев.
Қазірде «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» аумағында 10 жылдан бері жылу, су, электр қуаты мен газды есептеуге арналған құрылғылар шығаратын нысан жұмыс істеп тұр. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Күнделікті жұмыс процессі – халыққа қажетті күнделікті тұрмысқа қажетті көпсалалы функциялды апараттар шығару. Мақсатымыз – тұтынушыларға сапал өнім ұсыну», – деді компания қызметкері Күлхан Нанспаева.
Сондай-ақ Премьер-министрге робототехника бағытындағы өнімдерді өндіру, ұшқышсыз жүйелерді дамыту сынды бірқатар жобалар таныстырылды. Олжас Бектенов мұндай инновациялық алаңдарды жүйелі түрде дамыту Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында айрықша өзектілікке ие екенін атап өтті.
Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда 6 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені және спортшыларды даярлайтын орталық салынады