Саяси партиялар өңірлерді аралап, тұрғындар мен еңбек ұжымдарымен кездесу өткізуде

07.08.2026 18:18

Елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр. Саяси партиялар өңір-өңірді аралап, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Әділет» партиясының өкілдері Жамбыл облысына барып, Жуалы ауданының тұрғындарымен, диқандармен және жергілікті кәсіпорындардың еңбек ұжымымен кездесті. Жиында әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, баспана және ауылды дамыту мәселелері көтерілді. Халық тарапынан зейнеткерлерге көмек көрсететін орталықтар ашу, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарға жұмыс, балабақша мен мектептердегі орын тапшылығы жөнінде ұсыныстар айтылды. Партияның мобильді керуені ел бойынша 5 мың шақырымнан астам жол жүріп, 5 мыңға жуық ұсыныс жинаған.

«Осы кезеңдегі аса маңызды бір шарт – жаңа партияның басымдықтарын, бағыттарын, мақсатын халыққа таныстыру. Осыған байланысты да ұсыныстар бар, соның бәрін реттеуді халықтан сұрап, атқарушы биліктің мүмкіндігін ескеріп, сол аралықта алтын көпір болуға партия жұмылып отыр», – деді  «Әділет» партиясынан депутаттыққа кандидат Дихан Қамзабекұлы.

Ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» өкілдері коммуналдық саладағы мәселелерді талқылады. Ақтөбеде пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің басшыларымен кездесуде көпқабатты үйлерді жаңғырту және ескірген жеделсатылар мәселесі көтерілді. Жезқазғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалды. Ал Павлодар облысының Аққулы ауданында тұрғындар жайылым тапшылығы, ауыз су, жол, жұмыс орындары және жастарды ауылда тұрақтандыру мәселелерін айтты.

«Ауылдардың айналасында қарапайым адамдардың жекеменшік мал жаятын жайылым жерлері қалмаған, көп аудандарда сондай сұрақ көтеріліп жатыр және су мәселесі, жұмыс орындарының мәселелері, жол мәселелері, жастарды ауылға қалай оралтамыз, қандай жағдай жасаймыз? Ауыл жерде осы сұрақтар маңызды», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Роза Жүсіпова.

 Ал «Байтақ» партиясының Алматыдағы жиынында экологиялық ахуал басты тақырып болды. Саяси ұйым өкілдері «Қазгидромет» ұжымымен кездесіп, қаладағы ауа сапасы мен оның тұрғындар денсаулығына әсерін талқылады. Әсіресе балалар арасында аллергия мен тыныс алу ауруларының алдын алу, экологиялық мәселелерді мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде шешу қажет екені айтылды. Партия өкілдері қоршаған ортаны қорғау үшін мемлекет, мамандар және қоғам бірлесіп жұмыс істеуі керек дегенді алға тартты.

«Әрбір екінші бала аллергия мен демікпемен ауырады. Қатерлі ісік, қант диабеті сияқты аурулар жиілеп барады. Алматыдағы ауа сапасы, оның экологиялық жағдайы, тіпті тұрғындардың психологиялық әл-ауқатына әсер етеді. Бұны мемлекеттік деңгейде шешу керек», – деді  «Байтақ» партиясының мүшесі ¤Алма Қараш.

Ал Қазақстан Халық партиясының кандидаттары Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында жол-құрылыс мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті. Жиында адам құқықтарын қорғау, өндірістегі техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау және кәсіподақтардың белсенділігін арттыру мәселелері сөз болды. Тұрғындар көлік және әлеуметтік инфрақұрылым сапасын жақсарту, шағын қалаларды дамыту қажеттігін айтты. 

«Белсенді кездесу өтті және азаматтар, әсіресе, әйелдер өте өзекті мәселелерді қозғады. Олар – өндірістік қауіпсіздікті қорғау, жай азаматтардың үйіне,бала-шағасына аман-есен келуін мемлекет тарапынан, жұмыс берушілер тарапынан қамтамасыз ету», – деді ҚХП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Ләззат Сүлеймен.

«Ауыл» партиясының кандидаттары да Қарағанды облысында аграрлық сала өкілдерімен және кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті. Астықты терең өңдеу, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенін қолдау мәселелері талқыланды. Нұра ауданындағы шаруашылықта өткен кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Ал ауыл тұрғындары жол, су және интернет мәселелерін көтерді.

«Мекеменің 16 000 гектар жері бар. Бидай арпа, сеуіп жатыр. Ол  ұн, құрама жемді 4 мемлекетке шығарып жатыр. Халықпен кездескенде, көп ұсыныс айтылады. Әуелгісі,  жол, су, мәселесі», – деді ¤«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов.

Ал «Ақ жол» партиясының республикалық сайлауалды штабы Астанада бизнес орталықтардың қызметкерлерімен жүздесіп, өз бағдарламасын таныстырды. Сондай-ақ кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Шағын және орта бизнесті қолдау, қаржыландыру мүмкіндіктерін жетілдіру, сала мамандарына қолайлы жағдай жасау және отандық бизнестің әлеуетін арттыру, несие жүктемесін азайту, ипотекалық несиелеу және логистика саласын дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.

«Ақжолдастар белсенді жұмыс істеуде.  Әрбір еңбек ұжымдарымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, үлкен өндірушілермен кездесуде. Сол партиямыздың бағдарламасымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде», – деді  «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілі Мейрамгүл Қабдығалиева.

Ал Respublica партиясының кандидаттары Тараздағы металлургия және құс етін өңдеу зауыттарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Кәсіпорын жұмысшыларымен пікір алмасу барысында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамыту мәселелері талқыланды. Сайлаушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – халықтың нақты ұсыныстарын тыңдап, оларды Құрылтай мінберінде көтеру.

«Халық өте белсенді. Халықтың Үкіметке үлкен сенім артып отыр. Конституциялық өзгеріс болды, одан кейін Құрылтай сайлауы бар. Кандидаттарға арқалатып жатқан аманат та үлкен. Халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын Құрылтайдың мінберінде талқылап, шешімін іздеуге тырысамыз», – деді Respublica партиясы төрағасының орынбасары Олжас Құсбеков.

Айта кетейік, Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа 7 саяси партиядан 545 кандидат үміткер болып отыр. Партиялар мен кандидаттар бірқатар кездесу мен таныстыру шараларын өткізуді жалғастыра бермек.

Диана Тұрлыбек

Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: өз учаскеңізді қалай оңай табуға болады

Толық көрсету