Шабыт: алматылық жас өнерпаздар есеп беру концертін өткізді

24.04.2026 16:55

Кеште жасанды интеллект көмегімен жазылған гимназия әнұранының тұсауы кесілді

Алматының Түрксіб ауданындағы №83 гимназия оқушылары «Шабыт» атты есеп беру концертін өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

№6 Оқушылар үйінде оқу жылын қорытындылаған мектептің жас өнерпаздары көпшілікке шеберлігі мен шығармашылық жетістіктерін паш етті. Сахнада «Шабыт» халық аспаптар оркестрі, «Балауса» қобызшылар ансамблі, «Тұмар» этно-фьюжн тобы және хор ұжымдары өнер көрсетіп, классикалық және заманауи туындыларын орындады. Кештің басты жаңалығы жасанды интеллект көмегімен жазылған гимназия әнұранының тұсауы кесілді. Мерекелік іс-шара соңында білім ордасының директоры өнерпаздарды марапаттап, жас таланттарға сәттілік тіледі.

«Есептік концертіміздің ең басты мақсаты – оқушыларымызға ата-аналарға, әр ұлттың мәдениетін көрсету. Концерт адамға шабыт береді. Сондықтан мен ойлаймын, жақсы кездесулер көп болуы керек», – деді № 83 мектеп-гимназиясының директоры Ажар Нұрғалиева.

«Қара жорға» биі билейміз. Бір ай бойы дайындалдық», – деді № 83 мектеп-гимназиясының оқушысы Әдия Жәнібек.

Оқи отырыңыз: Алматыда балаларға арналған ғылыми музей ашылады