Сайлау-2026: Республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді

Құрылтай сайлауына халықаралық қоғамдастық жоғары қызығушылық танытып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сайлау күні ел бойынша 100-ден астам учаске таңғы сағат 06:00-де ашылады. Ал басқа дауыс беру орындары сағат 07:00-ден бастап жұмыс істейді. Жалпы республика бойынша 10 мың 423 сайлау учаскесі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сол күні шамамен 600 нысанда дауыс беру уақытынан бұрын аяқталуы мүмкін. Бұл тізімге әскери бөлімдер, ауруханалар, вахталық қалашықтар мен арнайы мекемелер кіреді. Егер аталған жерлерде тізімдегі азаматтардың барлығы түгел таңдауын жасап болса, комиссия сайлауды кез келген уақытта жабық деп жариялай алады. Кешкі сағат 20:00-ге дейін күту міндетті емес. Одан бөлек, мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін тексеретін мониторингтік топтардың жұмысы қыза түскен. Әзірге олар тек бес өңірдегі тексерісті толық аяқтаған.

«Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тескру аяқталды. Ал 15 өңірде мониторнг іс-шаралары жалғасуда. Мониторнг топтардың құрамына сайлау комиссияларының жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың тәуелсіз қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері енгізілді», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік.

Құрылтай сайлауына халықаралық қоғамдастық жоғары қызығушылық танытып отыр. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның сөзінше, Еуропа, Азия елдерінен және ТМД кеңістігінен жүздеген халықаралық байқаушы келе бастаған. Ол Сыртқы істер министрлігі жеті мемлекет пен тоғыз халықаралық ұйымнан тағы 405 халықаралық байқаушыны аккредиттеуге ұсынғанын айтты.

«Бүгінгі таңда аккредитациядан өткен халықаралық байқаушылардың жалпы саны – 656. Естеріңізге сала кетейік, 17 тамызда сағат 18:00-де халықаралық байқаушыларды тіркеу кезеңі аяқталады», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Оқи отырыңыз: Өңірлік сайлаушылар талғамы әркелкі: сарапшы партиялық науқандардың жаңа логикасы туралы