Шақалақ шетінеп кетті: Бауыр еті баласынан айырылған әйел дәрігерлерді кінәлап отыр

08.12.2025 18:11

Шымкентте дүниеге келуіне санаулы күндер қалған шақалақ ана құрсағында көз жұмды. Бауыр еті баласынан айырылған әйел бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы жағдай №2 перзентханада болған. Осында босанамын деп келген 30 жастағы Назерке Пірімбетованың сәбиі құрсағында жатқан жерінде шетінеп кетті. Ай-күні жақындаған әйел дәрігерлерге «мені босандырып алыңыздаршы» деп жалынған, алайда тек «шыда» деген жауап алған. Сорақысы, оның осы медициналық мекемеде жатқанына бір айдан асқан. 

«5-6 рет түсірген. КТ-сы дұрыс шықпаған. Сонымен қимылдауы азайған. Түнде жатқанда да мазасызданған. Оны айтқанда да дәрігелер қарамаған. Баламнан айырылып отырмын», – деді Н. Пірімбетованың күйеуі Абай Бердібек.

Келіншектің туыстарының сөзінше, дәрігерлер қара жамылған отбасыға мардымды жауап бермепті. Тіпті кінәсін жуып-шаю үшін «бала дұрыс жетілмеген» деп ақталып баққан. Ағасының айтуынша, пациентті тілшілермен сөйлеспеуге үгіттеп, палатадан шығармай қойған.

«Палатаға кірсем, бас дәрігердің міндетін атқарушы, сонымен қатар босанған кезде қабылдаған акушер-гинеколог дәрігерлер, медсестралар және тергеуші де қасында тұрып алып, қарындасымды үгіттеп жатыр. Әлгі жерде «баланы мәйітханаға бермеңдер, денесінің бәрін кесіп тастайды» деп қылмысты өздері жаппақшы. Жылы күйінде жасырмақшы», – деді Н. Пірімбетованың ағасы Асанәлі Пірімбетов.

Қазіргі уақытта бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция істің ақ-қарасын анықтап жатыр. Өлі туған нәресте мен оның серігі және кіндік бауы сараптамаға жіберілген. Ал Денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Жоспар бойынша осы аптада нәрестені кесір тілігі арқылы алуымыз қажет болған. Себебі оның өкпесін отаға дайындау қажет. Алайда баланың жолдасы мен тамырларда проблема болды. Салдарынан үшінен төртіне қараған түні шақалақ шетінеп кетті», – деді бөлім қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Инна Глазебная.

Қайғылы жағдайдан кейін перзентханаға бақылау күшейтілген. Бүгінде барлық мән-жайды білу үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізіп жатыр.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында көшеде төбелес шығарған басшы қызметінен босатылуы мүмкін