Сақ жүріңіз: айыппұлдың 50 пайыздық жеңілдігі алынуы мүмкін

Алматы тұрғыны бір жылда 143 рет жол ережесін бұзып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Айыппұлды ерте төлегенде берілетін 50 пайыз жеңілдік алынып тасталуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сенат депутаты Марат Қожаевтың айтуынша, жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатындарға қатысты жазаны күшейту керек. Өйткені азаматтар қатаң талаптарға қарамастан тәртіпті жиі ескермейді. Ол үшін жол қозғалысы ережелері бойынша емтихан да тапсырмайды, тек айыппұлмен құтылады. Алматы тұрғыны бір жылда 143 рет жол ережесін бұзып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеген. Осылайша, ол 50 пайыздық жеңілдікті пайдаланып, жолда жүру тәртібін бұзуын жалғастыра берген. Шаһарда бір жылда ережені елемеген 4 миллионнан астам факт тіркелген.

"Жолдағы апатты азайту үшін жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз. Әсіресе жол ережесін 10 рет бұзғандар үшін теориялық емтиханды қайта тапсыру міндетін енгізу керек. Егер тәртіпті қайта бұзатын болса, жүргізуші куәлігінен уақытша айыруға дейін жаза қарастыру қажет. Ал ережені мүлде елемейтіндер үшін 50 проценттік жеңілдікті алып тастау керек", – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Марат Қожаев.

Сенатор Марат Қожаевтың мәліметінше, кей елдерде жол ережесін жиі бұзатындарға қосымша жазалау тетіктері қолданылатын көрінеді. Мәселен Германияда айыппұлды ұпайлармен есептейтін жүйе бар. Егер жүргізуші көп балл жинайтын болса, көлік басқаруға рұқсат берілмейді. Ал Францияда заңды қайта бұзған азамат уақытша жүргізуші куәлігінен айырылады. Осы тұста біз көпшіліктен депутаттың жазаны қатаңдату туралы ұсынысына қатысты пікірін сұраған едік.

"Халықтың жағдайына байланысты істеу керек шығар. Мысалы 39-40 мың теңгені бірден төлей алмауы мүмкін. Сондықтан 50 пайызын төлеген ыңғайлы деп ойлаймын. Алып тастаса қиындау болатын шығар", – деді  қала тұрғыны Самұрат Құрметбек.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында көлік апатынан жолаушы көз жұмды

Новости партнеров