Сақтандыру - қаржы секторының маңызды бөлігі

13.12.2024 19:39

Биыл қазақстандықтар қаңтар-қыркүйек аралығында сақтандыру саласына 241 млрд теңгеге жуық қаражат салған

Биыл қазақстандықтар сақтандыру саласына 241 млрд теңгеге жуық қаражат салған. Бұл – тек қаңтар-қыркүйек аралығында құйылған ақша. Жыл соңына дейін көрсеткіш артуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сақтандыру – қаржы секторының маңызды бөлігі. Ол – халық пен бизнесті әртүрлі тәуекелдерден қорғап қана қоймай, экономика тұрақтылығын қамтамасыз ететін тетіктердің бірі. Соңғы жылдары бұл сала айтарлықтай өсім көрсеткен. Мәселен Finprom.kz сайтының дерегінше, қаңтар-қыркүйек аралығында елдегі сақтандыру төлемінің жалпы көлемі 241 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 195 млрд теңге болған. Ал оның басым бөлігі ерікті жеке сақтандыруға тиесілі екен. Оны 753 мың адам өз қалауымен рәсімдеген. Ал міндетті сақтандырудың 199 мың жағдайы тіркелген. Жалпы елде сақтандыру саласы екі негізгі бағытқа бөлінеді. Біріншісі6 жалпы сақтандыру дейміз, оған денсаулықты, мүлікті, автокөлікті және жауапкершілікті сақтандыру кіреді. Екіншісі, өмірді сақтандыру. Ол зейнетақыны және басқа да ұзақ мерзімді тәуекелдерді сақтандыруды қамтиды.

2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, өмірді сақтандыру нарығы жылдық өсімнің ең жоғары көрсеткішіне жетті. Банк мәліметінше, биыл 3 тоқсанның қорытындысы бойынша 24,5 млрд теңге осы бағытқа жұмсалған. Ал өткен жылы өмірді сақтандыруға 18,1 млрд теңге қаражат салынған. Сарапшылардың сөзінше, соңғы бес жылда салада өсім байқалған. Халықтың сақтандыруға деген сенімі артқан.

"Саны көбейген сайын сақтандыру сыйақылары көп болады. Осыған байланысты сақтандыру төлемдері де өседі. Соның әсерінен сақтандыру төлемдері де жылдан жылға рекорд орнатып жатыр. Биылғы төлемдер былтырғыдан 20-30 есе көп. Оның алдыңғы жылдары да сондай болды. Келесі жылдары да сақтандыру төлемдері жылдан жылға өсіп отырады. Өйткені халықтың сақтандыруға қосып отырған үлесі өсіп отыр", – деді Сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Нұрлыбек Толықбаев.

Сақтандыру елдің жалпы қаржы жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде тұрақты дамып келеді. Цифрландыру, құқықтық реформалар және экономиканың тұрақтылығы - бұл саланың болашақта қарқынды дамуына ықпал ететін негізгі факторлар. Дегенмен, нарықтағы проблемаларды шешу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында кешенді шаралар қажет-ақ. 

Оқи отырыңыз: Жалған 10 мың теңгелік банкнотаны қалай анықтауға болады - банк кеңесі