Самокат тізгіндеушілерге қойылған жаңа талаптар қалай орындалып жатыр

28.08.2026 16:10

Үш күннің ішінде 900-ден астам заңбұзушылық анықталды

Алматыда электрлі самокаттарға қатысты жаңа талап күшіне енген үш күннің ішінде 900-ден астам заңбұзушылық анықталып, 400-ден аса екі дөңгелекті құрылғы айып тұрағына қойылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал жыл басынан бері көлік құралы санатына жатқызылған бұл техниканың қатысуымен 100- ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.

Күздің алғашқы лебі сезіле бастаған алып шаһарда дәл осылай серуендеп жүрудің өзіндік сәні бар. Алайда діттеген жеріңе жету үшін электр самокатты пайдаланатындар көбейген. Алайда бұл көлік құралымен қалаған жеріңмен еркін жүйткуге болмайды. Себебі осыдан бірнеше күн бұрын ғана екі дөңгелекті техникаға қатысты жаңа талап күшіне енді.

25 тамыздан бастап электросамокат тізгіндегендерге тротуар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге толық тыйым салынды. Енді негізгі бағыт – веложолдар болмақ. Ал мұндай арнайы инфрақұрылым қарастырылмаған көшелерде жүргізуші жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуға тиіс. Дегенмен көлік легіне қосылудың да өз талабы бар. Жолдың жүріс бөлігіне шығу үшін азамат 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар және міндетті түрде қорғаныш дулығасын киюі керек.

«Жаңа талаптың енгізілуіне себеп те жоқ емес. Соңғы жылдары қала көшелерінде электрлі самокаттардың қатары артқан сайын, олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары да жиілей түскен. Мәселен биыл Алматыда осы шағын көлік құралының қатысуымен 100-ден аса жол апаты тіркеліпті. Ал қазір мегаполис көшелерінде шамамен 30 мыңнан астам жалдамалы самокат қолданыста жүр. Сондықтан жаңа ереже олардың қозғалыс бағытын ғана емес, пайдалану тәртібін де қатаңдатып отыр. Енді самокатқа екінші адамды мінгізуге және көлемді жүк тасымалдауға болмайды. Жаяу жүргіншілер өткеліне келгенде жүргізуші көлігінен түсіп, оны қолмен сүйреп өтуге міндетті. Ал қараңғы уақытта жолдың жүріс бөлігімен қозғалатын азаматтың үстінде жарық шағылыстыратын белгі болуы қажет. 

Айта кетейік, жаңа тәртіп қоғам тарапынан болған сұраныстың негізінде енгізілді. Әсіресе егде жастағы тұрғындар мен кішкентай баласы бар аналар тротуардағы қауіпсіздік мәселесін жиі көтерген», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы іске қосылады

Толық көрсету