Саналы ата-ана болу: Отбасы күніне арналған апталық жалғасып жатыр

09.09.2026 11:38

Апталықта ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне назар аударылды

Аlmaty.tv

Қазақстанда 7–13 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтіп жатыр. Оның үшінші күні «Саналы ата-ана болу» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мәдениет және ақпарат министрлігінен хабарлағандай, бұл күн бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, оның эмоциялық жағдайына көңіл бөлу және ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне арналған.

Еліміздің барлық өңірінде ата-аналарға арналған кездесулер, практикалық сабақтар мен оқыту курстары ұйымдастырылуда. Оларға психологтер, педагогтер және әлеуметтік қызметкерлер қатысып, баланың жас ерекшелігін ескеру, онымен дұрыс қарым-қатынас орнату, жанжалдың алдын алу және тәрбие беру тәсілдері туралы кеңес береді.

Апталық аясында әкенің бала тәрбиесіндегі рөліне де ерекше көңіл бөлінуде. «Әке мен бала: қатысу, қамқорлық және бірге болу» ақпараттық науқаны әкенің бала өміріне белсенді араласуының маңызын түсіндіруге бағытталған.

Науқан барысында баламен күнделікті уақыт өткізу, оған эмоциялық қолдау көрсету және маңызды шешімдерді бірге қабылдау мәселелері талқыланады.

Айта кетейік, Отбасы күніне арналған апталықтың әр күні жеке тақырыпқа арналған. Бағдарламада ұрпақтар сабақтастығы, отбасын саналы түрде құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасы берекесі және ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі сияқты тақырыптар қамтылған.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен #Otbasym2026 жалпыұлттық челленджі өтіп жатыр.

Қазақстанда Отбасы күні қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Оқи отырыңыз: Балаларды зиянды тағам жарнамасынан қорғау: ДСМ жаңа ұсыныстар әзірледі

Толық көрсету