Шаңырақ күні: Атырау қаласында 19 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді

17.03.2026 21:21

Алдағы күндері тағы 18 отбасы жаңа баспаналы болады

Almaty.tv

Атырау қаласында Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтетін Шаңырақ күніне орай тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа баспананың кілттері табысталды,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты рәсімде «Аягөз» тұрғын үй кешенінен 19 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді. Жаңа үйлер көпбалалы аналарға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар жандарға, сондай-ақ соғыс ардагерлерімен теңестірілген азаматтарға табысталды.

Пәтер кілттерін қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов тапсырды. Ол қоныс иелерін мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа шаттық пен береке тіледі. Сонымен қатар, алдағы күндері тағы 18 отбасы жаңа баспаналы болатынын хабарлады.

Қоныс иелері қуаныштарымен бөлісіп, бұл бастаманы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі деп бағалады.

Оқи отырыңыз: Алматыда Шаңырақ күніне орай жас аналарға құрмет көрсетілді