Бастама аясында дрон басқару мен киберқауіпсіздік бағыттары үйретіледі
Сарбаздар бұдан былай тек сапта тұрып емес, цифрлық кеңістікте де ел қауіпсіздігін қорғай алады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін еліміздің Қарулы күштерінде мерзімді әскери қызметтің жаңа форматы – «SARBAZ+» жобасы енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облысындағы 78/460 әскери бөлімінде 90 жас сарбаз әскери ант қабылдады. Олар Әуе қорғанысы күштерінің элиталық бөлімінде Отан алдындағы борышын өтемек.
Айта кетейік, жастар мерзімді әскери қызметке «SARBAZ+» жобасы аясында іске қосылған myarmy.kz цифрлық платформасы арқылы іріктелген. 268 үміткердің ішінен таңдалып алынған 90 адам жаңа жүйе бойынша даярлықтан өтеді.
«Бүгін – мен үшін ең маңызды күндердің бірі. Себебі әр азамат әскери ант қабылдауға бір-ақ реткеледі. Өте қуаныштымын! Жақындарымды, бауырларымды Қаруды күштер қатарына елді қорғауға шақырамын», – деді сарбаз Жасұлан Фахриддинов.
«SARBAZ+» – біздің мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарды жандандыру жобасы. Яғни, мүмкіндігінше сарбаздар бір жылды тиімді өткізу жобасы. Негізгі мақсат – солдаттарға, яғни сарбаздарға бір жылдық мерзімді қызметті эффективті түрде өткізу», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Жоба аясында сарбаздар әскери қызмет атқара жүріп, заманауи дағдыларды меңгереді. Олар ағылшын тілін үйреніп, шахматтан спорттық дәреже алу мүмкіндігіне ие бола алады. Осы мақсатта бөлімде радиобайланыс, желілік технологиялар және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бағытында мамандар даярлайтын арнайы оқу сыныптары ашылған. Сонымен қатар TechOrda бағдарламасы шеңберінде оқыту да қарастырылған. Оның аясында сарбаздар ақпараттық қауіпсіздік, деректерді қорғау және жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, дрондарды басқаруды меңгереді.
«Сарбаздарға осы жылды тиімді өткізу мүмкіндігін жасап жатырмыз. Дрон аренасы, байланыс кабинеті, одан бөлек фитнес браслеттер қосып жатырмыз. Аптасына 3 рет спортпен шұғылданады», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Жоба аясында жеке құрамның психологиялық жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінген. Сарбаздардың моральдық тұрақтылығы – жобаның маңызды бағыттарының бірі. Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, жаңа жоба алдағы уақытта кезең-кезеңімен Қазақстанның өзге де әскери бөлімдеріне енгізілмек.
Мәди Мәлік, Алмат Ілиясов
Оқи отырыңыз: Солақай балалар: Түркістан облысында ерекше сынып бар