Сарбаз өлімі: дәрігерге үкім шықты

06.04.2026 14:11

Сот-медициналық сараптама өлім себебін іріңді менингиттің асқынуынан деп көрсетті

Almaty.tv

Абай облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың өліміне қатысты сот үкімі шықты. Көз жұмған 20 жастағы жігіттің ісі бойынша әскери госпиталь дәрігері екі жылға сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv

Алайда оның кәмелетке толмаған үш баласының болуы және қылмыстың ауыр емес санатқа жатуы ескеріліп, ол сот залында босатылды.

Айта кету керек, емхана бөлімінің басшысына Қылмыстық кодекстің 317-бабы, 3-бөлігі бойынша, яғни, медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкелу бабы бойынша айып тағылған еді.

Еске сала кетейік, оқиға былтыр болған. Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған сарбаз 16 мамырда Аягөз қаласындағы әскери госпитальға барып, дене қызуының көтерілгенін және өзін жайсыз сезінетінін айтқан. Дәрігерлер жігітке "жедел назофарингит" диагнозын қойып, ауруханаға жатқызған. Бірақ сарбаздың қан қысымы одан сайын төмендеп, құсу мен жөтел күшейіп, жағдайы күрт нашарлаған. Соған қарамастан дәрігер емді өзгертпеген, оны дер кезінде профильдік стационарға жібермеген. Салдарынан сарбаз жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Ал сот-медициналық сараптама өлім себебін іріңді менингиттің асқынуынан деп көрсетті. Сарапшылар егер әу баста дұрыс диагноз қойылып, ем уақытында басталса, сарбаз аман қалуы мүмкін еді деген тұжырым жасаған. Сәйкесінше, сотталушы кінәлі деп танылып, жәбірленуші тарапқа 12 миллион теңгеден аса өтемақы төлеуге міндеттелді.

Оқи отырыңыз: Сақ болыңыз: өзін ұлттық байланыс операторының қызметкері ретінде танысты рған алаяқтар әшкереленді