Сарыағаш теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін ашылды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл өңірдегі 5 теміржол вокзалы жаңарды
Түркістан облысында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл өңірдегі 5 теміржол вокзалы жаңарды. Бұдан бөлек, білім беру нысандарына да айрықша көңіл бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір ғасырлық тарихы бар «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңаша кейіпке енді. Жаңғыртылған нысан енді тәулігіне 500-ге жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Жаңарту барысында вокзал ғимараты да кеңейтілді. Нысан бұған дейін 450 шаршы метр болса, қазір оның аумағы 560 шаршы метрге жуық.
«Саялы Сарыағаш жерінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп демалатын курорт бар. Сол курортқа келген қонақтарға, аудан тұрғындарына, жолаушыларғақызмет етуде вокзал заманға сай жабдықталған. Игі бастамасы ауданымызда жалғасын таба берсін», – деді Сарыағаш ауданының тұрғыны Гүлшат Мәуленова.
Сарыағаш – халықаралық бағыттағы маңызды теміржол бекеттерінің бірі. Мұнда Өзбекстанға және көршілес бағыттарға қатынайтын пойыздар аялдайды. Нысанды жаңғырту өткен жылы басталып, биыл тамыз айында толық аяқталды. Ауқымды жобаға 918 млн теңге жұмсалған.
«Маңызды жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын жетілдіру және халыққа қолайлы жағдай жасау үшін арнайы жасалып жатқан тапсырмасының бірі. Заманауи вокзал Сарыағаш ауданының көлік қатынасын жақсартуға, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға үлес қосады», – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Облыста көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар, білім саласына да басымдық беріліп отыр. Биыл 9 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешілді. Осылайша балалар кең әрі жайлы ғимаратта білім алып жатыр.
«Робототехниканың мектепте болғанын қаладық. Осы оқу жылында оқи аламыз», – деді оқушы.
Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы мектепте оқушылар үш ауысымда оқыған. Қазір мұнда 300 орындық жаңа білім ұясы салынды. Үш қабатты ғимаратта заманауи оқу кабинеттері, спорт залы, асхана және оқу залы бар кітапхана қарастырылған. Нысан заманауи инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған.
«Жайлы мектептен кем емес, барлық жағдай жасалған. Оқушылар үшін барлық кабинетте керек техника қойылған», – деді Қазығұрт ауданының тұрғыны Сейдулла Сеңгірбаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде күрделі жөндеуді қажет ететін 115 мектепте реновация жұмыстары қолға алынған. Биыл оның 38-і жаңғыртылып, заманауи талапқа сай бейімделді. Келер жылы тағы 36 мектепті жаңарту көзделіп отыр.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Орта және жоғары сыныптарда БЖБ мен ТЖБ кезең-кезеңімен жойылады - министр