Көпшілік қолаңса иістен есік-терезе ашудан қалғанын айтып дабыл қақты
«Тау болып үйілген қоқыс пен құрылыс материалдарының қалдықтары жер-жерде шашылып, қиындық тудырды». Атырауда сасық иіске тұншыққан тұрғындар осылай деп шағымын жеткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тұрғын үй кешенінен 100 метр қашықтықта орналасқан қоқыс қалдықтары элиталы баспана жұртын әбден мезі еткен. Тұрғындардың айтуынша, мүңкіген иіс мұрынды жарып, қауіп төндіріп тұр. Сорақысы, құрылыс қалдықтары шашылған аумақ қоршауға да алынбаған.
«Күннен-күнге су ағып келіп, сасып жатыр. Жазда қауіпті балларға қауіпті. Ауру тарайды. Құрт-құмырсқа қаптайды. Айналасы қоршалмаған. Әкім келіп кетті, бірақ әлі еш нітиже жоқ», – деді қала тұрғыны Гүлжихан Әбуғалиева.
«Күн жылынып жатыр, иіс келе бастады. Демалуға қиын болайын деп тұр. Балалар ойнайды, шара қолдануды сұраймыз», – деді қала тұрғыны Берік Әбуғалиев.
Көпшілік қолаңса иістен есік-терезе ашудан қалғанын айтып дабыл қақты. Ал аптап ыстықта жағдай тіптен ушығады деп отыр. Зейнеткер Әлібек Саржанов бірнеше рет ауыр жүк көліктерінің құрылыс материалдарын төгіп жатқанын көрген. Ескерту жасағанымен, ешкім елемеген.
«Кәріс желісі, маса, шыбын терезе ашқызбайды. Түнде қоқыс төксең, үстіне тышқан, егеуқұйрық шығып алады. Ылғалдан пайда болады, оны ешкім тазалап жатқан жоқ, 2012 жылыдан бері жатқан қалдық», – деді қала тұрғыны Әлібек Саржанов
Ал Арнаулы автобаза мекемесінің өкілдері өздеріне шаң жуытпады. Олар күндіз-түні тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқанын алға тартты.
«Біздің тараптан тұрғындардан түскен өтініш бойынша күнделікті жұмыс жүріп жатыр. Тоқтаған емес. Өтініш түскен бойда тазалап жатырмыз. Тұрмыс қалдықтарына арналған қоқыс нүктесі болған соң, үлкен компаниялар құрылыс қалдықтарын толтырып тастап жатыр. Олар арнайы полигон аймағына апарып төгілуі тиіс», – деді Атырау арнаулы автобаза мекемесінің учаске басшысы Рауан Ибатоллаев.
Шыдамның да шегі бар» деген жұрт облыс әкіміне үміт артып отыр.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау
Оқи отырыңыз: СҚО-да 34 жыл бойы құжатсыз жүрген азамат жеке куәлігін алды