Жиынға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейдегі фольклортанушы, әдебиеттанушы және шығыстанушы ғалымдар қатысты
Академик Сейіт Қасқабасовтың 85 жылдығына орай 500 беттен тұратын ғылыми баяндамалар жинағы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғалымның шәкірттері мен отандық және шетелдік фольклортанушылардың іргелі зерттеулері топтастырылған туынды Алматыда өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция аясында көпшілікке таныстырылды. Жиында Қасқабасов негізін қалаған ғылыми мектептер, фольклордың жанрлық табиғаты, текстологиялық талдау мен пәнаралық зерттеулердің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.
«Жинақта 17 беттік баяндамам толық кірді. Ол «Академик Қасқабасов. Биіктік және тереңдік» деп аталады. Бір кездері Әуезов танытқан болса, 80 жылдардың басында Қазақ әдебиеттану ғылымдарын тек бүкіл Совет Одағына ғана емес, бүкіл түркі әлеміне, дүниежүзіне Қасқабасов танытты. Сондықтан Сейіт ағамыздың еңбегі бағалануы керек», – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.
Жиынға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейдегі фольклортанушы, әдебиеттанушы және шығыстанушы ғалымдар қатысып, Қасқабасовтың ғылыми көзқарастары мен әдіснамалық ұстанымдарына қатысты пайымды пікірін ортаға салды. Пікірталас алаңы мен секциялық отырыстарда пәнаралық зерттеулердің бағыттары мен қазіргі фольклортанудың өзекті мәселелері қозғалды.
«Бүгінгі жиын академик Сейіт Асқарұлының туған күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ғұлама ғалым, ұстаз және ғылымды ұйымдастырушы ретінде ол кісінің есімі бауырлас елдерде де танымал болды», – деді ғалым, академик Дархан Қыдырәлі.
Оқи отырыңыз: Алматылықтар Отан соғысының батырларын еске алды