Сел қауіпі: Катонқарағайда оқу-жаттығу жиыны өткізілді

30.05.2025 16:11

Аймақта 3 мыңнан аса халық қоныстанған

ШҚО-да сел қаупі жоғары кезең басталды. Мамандардың мәліметінше, Алтай, Қатонқарағай, Зайсан аудандары мен Риддер қаласының маңында 13 учаске аса қауіпті аймақ ретінде белгіленген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатонқарағай – еліміздегі ең көрікті өңірлердің бірі. Мұндағы биік шыңдарда 19 мореналық көл орналасқан. Сондықтан сел жүру қаупі жоғары. Ең алаңдатарлығы, бұл жерде 3 мыңнан аса халық қоныстанған.

«19 көлдің 18-і қауіпті деп саналады. Қауіп Қатонқарағай ауданынан төнеді. Бұл жерде 3 мыңнан аса адам тұрады. Нөсер жауын жауғанда немесе жер сілкінісінде мореналық көлдер ашылып, сел жүруі ықтимал», – деді «Қазселденқорғау» филиалы басшысының міндетін атқарушы Телғат Нұрахмет.

Төтенше жағдайлар кезінде әр қызметтің бірлесіп, жедел әрекет етуі – қауіптің алдын алудың басты шарты. Осы мақсатта Сарымсақты шатқалында кешенді оқу-жаттығу жиыны өткізілді.

Сценарийге сәйкес, нөсер жауын салдарынан мореналық көлдердің бірі жарылып, тау бөктерінен сел жүрді. Қатты ағын турист тұрған шатырды, бірнеше тұрғын үй мен жол бөлігін басып қалды. Оқиға орнында дереу жедел штаб құрылып, құтқарушылар мен кинологтар жұмылдырылды.

«Бұл жаттығуда түрлі қызметтердің үйлесімді жұмысын пысықтап жатырмыз. Қазір оқу-жаттығуға барлық арнайы бөлімше тартылып, техника мен жеке құрамның әрекеті сынақтан өтіп жатыр», – деді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Фархат Әмре.

Оқу жаттығу барысында іздестіру иті үйінді астында қалған туристі дереу тауып алды. Құтқарушылар зардап шеккен адамды «Шерп» атты арнайы техникамен қауіпсіз жерге жеткізді. Сондай-ақ медициналық топ алғашқы көмек көрсетті.

«Оқу-жаттығуға коммуналдық қызмет, жол-көлік саласы, энергетика, кинологиялық топтар мен эвакуация қызметі қатысты. Барлық бөлім бірлесіп, өзара іс-қимылды үйлестіріп жұмыс істеді», – деді Қатонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Расул Қарабалинов.

Оқу-жаттығу барысында игерілген дағдылар болашақта төтенше жағдай туындаған сәтте қауіп-қатерді азайтуға сеп болады. Аймақта сел жүру қаупі бар 13 нүкте тіркелген. Қатонқарағай, Риддер, Алтай мен Зайсан тауларында жыл сайын 144 мореналық көл түзіледі. Егер олар арнасынан асып кетсе, 11 елдімекенге қауіп төнеді. Сондықтан бұл мәселе үнемі бақылауда.

Мәди Мәлік, Руслан Мұхамедияров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Келіні енесін айуандықпен өлтірген: қылмыстық іс қозғалды