Семейде 100 орындық медициналық-әлеуметтік мекеме ашылды

27.01.2026 21:39

Жаңа қосымша корпустың жалпы аумағы 6 281,8 шаршы метр

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекеттік арнаулы қордың қаражаты есебінен салынған нысан «№1 Семей арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесінің аумағында бой көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталған орталықта 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар, I және II топтағы мүгедектігі бар 400 қызмет алушыға стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мұнда 1964 және 1970 жылдары салынған екі корпус бар.

Жаңа қосымша корпустың жалпы аумағы 6 281,8 шаршы метр. Нысан халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына толық сәйкес келеді. Ғимаратта емдік-еңбек шеберханасы, медициналық кабинеттер, заманауи асхана мен буфет, шаштараз бөлмесі, кітапхана және жатын бөлмелер қарастырылған.

Аймақ басшысы жаңа нысанның әлеуметтік маңызына тоқталып, бұл мекеме ерекше күтімді қажет ететін азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Оқи отырыңыз: Реновация бағдарламасы: Алматыда 670 тұрғын жаңа әрі жайлы пәтердің кілтін алған