Семейде балабақша қызметкерлерінің төлемі бойынша түсініктеме берілді

07.07.2026 18:55

Білім бөлімі кешіктірілген төлем шілде айында аударылатынын айтты

Семейде жеті мемлекеттік балабақшаның 300-ден астам қызметкері еңбек демалысына шыққанына қарамастан, бір айдан бері демалыс ақысы мен сауықтыру төлемін ала алмай отыр. Амалы таусылған тәрбиешілердің банк алдындағы несиелері уақытында өтелмей, өсімпұл есептелген. Жалақының кешігуінен жазғы жоспары жүзеге аспай қалған педагогтер мәселенің шешілуін талап етуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Гүлнұр Құдайбергенова балабақшада 14 жылдан бері жұмыс істейді. 1 маусымда еңбек демалысына шыққанымен, мемлекеттік мекемеден тиесілі төлемдерін әлі алмаған. Оның айтуынша, дәл осындай жағдайға жүздеген қызметкер тап болған. Бірінің мойнында несие болса, енді бірінің ипотекалық төлемі бар.

«Демалмай, емделмей, өзімізге қалай көңіл бөлеміз? Қазір қай жерге барсаңыз да, қаражат қажет. Ақшасыз ештеңе бітпейді. Енді жиырма күннен кейін жұмысқа шығамын. Бірақ қандай күйде жұмысқа ораламын? Жұмысты қалай жалғастырамын? Бізді мазалап отырған басты мәселе – осы», — деді №12 балабақшаның тәрбиешісі Гүлнұр Құдайбергенова.

«Кредиттерімізді төлеуіміз керек, ипотекамыз бар. Балалардың киімі, тамағы бар. Демалысқа шығып, балаларымызбен қыдырғымыз келген. Бірақ ешқайда бара алмай отырмыз. Уақыт өтіп жатыр», — деді №9 балабақшаның тәрбиешісі Шынар Бегалинова.

Наразылық білдіргендердің арасында жалғызбасты аналар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған қызметкерлер де бар. Олар дәрі-дәрмек алуға да қаражат таппай отырғандарын айтты.

«Мен мүмкіндігі шектеулі екі баланың анасымын. Балаларымды емдету үшін жұмыс істеймін. Бірақ қазір дәрі-дәрмек алуға да қаражат жоқ», — деді №9 балабақшаның тәрбиешісі Юлия Неумывако.

«Денсаулығым сыр беріп жүр. Демалыс кезінде ем қабылдап, немерелерімді қыдыртамын деп жоспарлаған едім. Бірақ жоспарымның ешқайсы орындалмады», — деді №5 балабақшаның тәрбиешісі Гүлмира Сүйіндікова.

Білім бөлімі төлемдердің кешігуіне қаражатты басқару тетігіндегі құқықтық қайшылық себеп болғанын мәлімдеді. Айтуларынша, қалада ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қызметкерлердің еңбек демалысы осы қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістермен тұспа-тұс келген. Ал жаңа бұйрық өткен аптаның соңында ғана заңды күшіне енген.

«Білім бөлімі "Қаржы орталығы" АҚ-мен бірлесіп, шарттарды барынша қысқа мерзімде жасасу үшін барлық қажетті техникалық және рәсімдік жұмыстарды жедел жүргізіп жатыр. Бұл процесс ерекше бақылауда. Барлық міндеттеме жаңартылған заңнама талаптарына толық сәйкес орындалады. "Қаржы орталығымен" 2026 жылдың 10 шілдесіне дейін келісімшарт жасалып, 25 шілдеге дейін қаражат толық көлемде аударылады», — деді Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғалия Нұрғалиева.

Білім бөлімі мәселенің министрліктің бақылауында екенін айтып, жақын күндері барлық төлем толық аударылатынын жеткізді. Айта кетейік, мұндай мәселе Семейден бөлек, Өскемен, Қостанай, Павлодар және Шымкент қалаларында да тіркелген.

Оқи отырыңыз: Алматының Алатау ауданында 1988 жылы пайдалануға берілген жылу құбыры жаңартылады