Ауыр жарақат алған Илья 5 күн ауруханада жатып, үйіне шықты
Семейде жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 10 жастағы баланы көлік қағып кетті. Ауыр жарақат алған Илья 5 күн ауруханада жатып, бүгін үйіне шықты,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бейнебақылау камерасына түскен кадрдан 10 жастағы Ильяның кешкі 17:30-да үйіне қарай бет алғанын көруге болады. Қолшатыр ұстаған бала жаяу жүргіншілер өткелінен өте бергенде, оны көлік қағып, ұшырып жіберген. Қатты соққыдан баланың бас миы зақымданып, сол аяғы сынған.
"Баланың табан сүйегі сынған. Бұдан бөлек, бас миы зақымданған. Дәрігерлер мұны мидың шайқалуы емес, ми тінінің соғылуы болуы мүмкін деп түсіндірді. Қазір баланың есте сақтау қабілетінде қиындық бар. Мысалы, әжесінің ауруханаға келіп кеткенін білмейді. Тіпті өзіне әкелген жеміс-жидекті кім бергенін де есіне түсіре алмайды", - деді Ильяның әкесі Ильяс Хисамутдинов.
Ильяның толық сауығуына әлі уақыт керек. Ал тұрғындар бұл өткелде жол апаты жиі болатынын айтады. Олардың сөзінше, көшеде жарық жеткіліксіз, көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Сондықтан жаяу жүргіншілер өткелінің қауіпсіздігін арттыруды сұрайды.
"Тұрғындардың өтінішімен мұнда тіпті бейнебақылау камераларын орнаттық. Біріншіден, көшенің жарығы нашар. Екіншіден, көліктер қатты жылдамдықпен жүреді, тоқтамайды. Сондықтан осы жерге бағдаршам немесе жасанды жол кедергісін орнатуды сұраймыз. Жүргізушілер жылдамдықты төмендетуі керек", - деді қала тұрғыны Наталья Сивальнева.
"Жарық әлсіз. Өзіміз қойып аламыз кейде, Балаларға қиын", - деді қала тұрғыны Ғалия Темірханова.
Тұрғындардың айтуынша, мұндағы екі шамның бірі мүлде жанбайды, тіпті бар жарықтың өзі өткелді толық қамтымайды. Әсіресе, жауын-шашын күндері жүргізушілер жолдан өтіп бара жатқан адамдарды байқамай қалуы мүмкін. Ал әкімдік өкілдері Қайым Мұхамедханов көшесіндегі жарықтандыру жүйесі жақында жаңартылғанын айтады.
"Тұрғындар айтып отырған жарықтың әлсіз түсу мәселесі қосымша қаралады. Егер жарық жеткіліксіз екені анықталса, басқа үлгідегі шамдарды орнату да қарастырылады. Себебі бұл көшедегі шамдар қаланың басқа көшелерінде де қолданылып отыр. Семейде 700-ге жуық көше әлі жарықтандырылмаған. Оларды жарықтандыру жыл сайын бөлінетін қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады", - деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Аман Хамитов.
Семейде барлығы 1179 көше бар. Соның 500-і ғана жарықтандырылған. Таңғы және кешкі уақытта жаяу жүргіншілер өткелдері мектептен қайтатын балалар үшін қауіпті деген жергілікті жұрт мәселені тездетіп шешуді сұрайды.
Динара Ерболқызы, Семейден
Оқи отырыңыз: Қостанайда тұрғындар шағымданған шыны аялдамалар жаңартылады