Семейде құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды

03.08.2026 19:59

Сараптама қорытындысы шыққанға дейін аумақтағы барлық құрылыс жұмысы уақытша тоқтатылды

Семейде жаңадан басталған құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды. Жергілікті тұрғындар бұл аумақта кезінде зират болғанын айтты. Алайда шенеуніктер жер учаскесін рәсімдеу кезінде ешқандай шектеулер болмағанын жеткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Семейдегі «Пищевик» стадионының орнына заманауи Жекпе-жек сарайын салу жоспарланған болатын. Алайда жерді қазған кезде топырақ арасынан адам сүйектері шыға бастапты. Құрылысшылар дереу жұмысты тоқтатып, құзырлы органдарға хабар берген. Оқиға орнына келген мамандар бұл сүйектердің көне кезеңге тиесілі екенін айтып отыр.

«Қазып жатқанда құрылысшылар адам сүйектерін тапты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл сүйектердің көне кезеңге тиесілі екені анықталды. Заң аясында құрылыстың заңнамасы бойынша жұмыс жүргізіледі. Жерді ауыстыруы мүмкін. Құрылыс нысаның орнын бекітуі мүмкін. Нақты  заң талабының мөлшерінде ғана айта аламыз», –.деді Абай облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мереке Мырамытов.

Құрылыс алаңында әлі де адам сүйегінің қалдықтары шашылып жатыр. Олардың біреуге емес, бірнеше адамға тиесілі екені байқалады. Бірақ бұл жерде ескі зират болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Қазір табылған деректер бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.

«Табылған сүйек қалдықтары, олардың шығу тегін және жерленген уақытын анықтау мақсатында сараптамаға жіберілді. Полиция  мұндай жағдайда азаматтарды дереу ішкі істер органдарына хабарлауға және полиция қызметкерлері келгенге дейін өз бетінше ешқандай әрекет жасамауға шақырады», – деді қалалық Полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Саят Сартов.

Сараптама қорытындысы шыққанға дейін аумақтағы барлық құрылыс жұмысы уақытша тоқтатылды. Адам қалдықтары толық зерттелгеннен кейін ғана Жекпе-жек сарайының осы жерде қалатын-қалмайтыны немесе басқа аумаққа көшірілетіні белгілі болады.

Динара Ерболқызы, Семейден

Оқи отырыңыз:  Атырауда ойын-сауық құрылғыларын заңсыз жалға беретіндер анықталды