Семейдегі қайғылы оқиға: жас қыздың өліміне қатысты сот басталды

28.09.2026 20:13

Қанды оқиға 13 шілдеде Бородулиха ауылында болған

Семейде бұрынғы жігітінің қолынан қаза тапқан Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот басталды. 20 жастағы қыздың ата-анасы тергеудің шала жүргізілгенін айтады. Әділдік іздеген отбасы құзырлы органдарға бірнеше рет жүгінген. Бірақ сотқа жеткен істе жауапсыз сұрақ көп дейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қанды оқиға 13 шілдеде Бородулиха ауылында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, Дильназ Жұмағұловаға бұрынғы жігіті көшеде бірнеше рет пышақ сұққан. Салдарынан бойжеткен ауыр жарақаттан көз жұмды. Сот басталғанымен, марқұмның әкесі тергеу нәтижесімен келіспейді. Әсіресе, сараптамада көрсетілген бас жарақатына қатысты сұрақ көп. Себебі оның қандай заттан келгені анықталғанымен, қылмыс құралы табылмаған.

"Бұл жерде тергеу дұрыс жүргізілген жоқ деп есептейміз. Біз оның нәтижесіне қанағаттанған жоқпыз. Қыздың басын жарақаттаған зат табылған жоқ. Оны пышақтың сабы деп көрсетті. Бірақ сарапшының қорытындысында жарақаттың жалпақ заттан келгені айтылған. Яғни, бұл пышақтың сабы емес. Пышақ сабының қандай жері жалпақ болуы мүмкін? Соған қарамастан, тергеуші істі жапты. Біз мұндай айыптау актісімен келіспейміз", - деп қарсылық білдірді марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан.

Қылмыстық іс - қасақана адам өлтіру бабамен қаралып жатыр. Алғашқы сот отырысында айыптау актісі оқылды. Онда жанжал кезінде қыз бен жігіттің бір-біріне қол көтергені айтылған. Артынша күдіктінің пышақ алып, Дильназдың мойны мен денесіне соққы жасағаны белгілі болды.

"Бас терісі, мойынның артқы жағы, кеуде тұсы, екі қолы және сол жақ сүт безінен жарақаттар анықталған. 16-ға тарта жарақат өткір әрі қатты затпен жасалған және 12 рет соққы жасау салдарынан пайда болған. Бұл жарақат өмірге қауіп төндіреді", - деді мемлекеттік айыптаушы Евгений Краузе. 

Жалғыз қызынан айырылған отбасы істі ауыр баппен саралауды талап етеді. Олардың айтуынша, Дильназдың басындағы ауыр жарақаттың қалай және қандай затпен салынғаны әзірге белгісіз. 

Динара Ерболқызы - Almaty TV телеарнасы - Семей.

Оқи отырыңыз: Тіркемедегі "Өрмекші адам": Семейде жарнамалық түсірілімнің соңы жауапкершілікпен аяқталды

Толық көрсету