Талғардағы қанды оқиға: 47 жастағы ер азамат үйінде көз жұмды

05.03.2026 19:49

Алматы облысы полициясы оқиғаны отбасылық-тұрмыстық жанжал деп сипаттады

Аlmaty.tv

Талғарда тағы қанды оқиға. 47 жастағы ер кісіні ұйықтап жатқан жерінен әйелі мен енесі жауыздықпен өлтірді деп күдікке ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

47 жастағы марқұм мен оның 39 жастағы әйелі 2010 жылы шаңырақ көтерген. Араға жылдар салып, 2019 жылы ресми түрде ажырасады. Дегенмен, кейін екеуінің бірнеше рет қайта қосылып, бірге тұрғаны белгілі. Марқұмның қарындасының айтуынша, олардың отбасылық өмірінде жанжал мен келіспеушілік жиі болып тұратын. Оқиғаға дейін келіншек 2 аптаға анасының үйіне кетіп, балаларын әкесіне қалдырған. Сол аралықта ер адамның жылқылары ұрланғаны анықталып, ол полицияға арыз түсірген. Тексеру барысында тәртіп сақшылары күдікті ретінде шағымданған азаматтың әйелін ұстағаны белгілі болды. Араға 3 күн салып, келіншек анасымен бірге үйге қайта оралады. Марқұм қарындасына олардың келгенін айтып, "сағат сайын жазып тұрамын" деп хабарлама қалдырған. Алайда бірнеше сағат өткен соң, туыстарына оның ауыр жарақат алғаны, кейін көз жұмғаны туралы қаралы хабар жеткен.

"Оқиға алдында 4 баласын ағама тастап кетті, қаңтарда өзі қарап жүрген. 13 ақпанда "әйелім үйге анасымен қайта келді" деп хабарласқан. 14 ақпанда соңғы рет сағат 18:30-да ағам хабарласты. Ал сағат 10:00-да Полиция департаментінен хабарласып, Талғарға жетуімді, ағамның көп жарақат алғанын айтты. Жұбайыммен бірге келдім", - деді марқұмның қарындасы Әлия.

Жаға ұстатарлық қылмыстағы сорақысы, оқиға болған түні пәтерде 4 кәмелетке толмаған бала болған. Алдын ала дерек бойынша, жалдамалы пәтерде азаматтық некедегі ер мен әйел небәрі 2 ай тұрған. Тәртіп сақшылары қылмыс орнына келгенде әйелдің балконда жасырынып отырғанын байқаған.

Қазір жеті баланың төртеуі басқа қалаға, ата-апасының қолына көшірілді. Олардың үлкені 15-те, кенжесі 4 жаста. Жеткіншектердің психологиялық жағдайы жақындарын алаңдатып отыр. 

"Бұл аса ауыр қылмыс дәрежесіне жатады. Тергеу әділ өтеді және сотқа материалдардың шығуы тез, жан-жақты толық жүргізілгеннен кейін жіберілуін сұраймыз. Әділ шешім болады деп сенеміз. Әріптесім Жандос Алмановпен бірге осы істе қызмет атқарып жатырмыз", - деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Асылбек Әбдірайымов.

Алматы облысы полициясы оқиғаны отбасылық-тұрмыстық жанжал деп сипаттап, «топпен жасалған кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс тіркеді.

"Отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде адамдар тобы жасаған кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - деді ПД ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Марқұмның жақындары қанды қылмысқа қатысы барлардың бәрін қатаң жазаға тартуды сұрап отыр. Әйелінің қолынан қаза болған ер кісінің артында жеті баласы қалды.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, Алматы облысы