Сенаторлар сот-сараптама қызметін дамыту мәселелерін талқылады

ҚР Парламенті Сенатының ресми Telegram-парақшасы
ҚР Парламенті Сенатының ресми Telegram-парақшасы

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров сапалы және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуде сот-сараптама жүйесін жетілдіру аса маңызды екенін атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Сот сараптамалары орталығында болды және Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевпен кездесті. Кездесу барысында сот-сараптама қызметі саласындағы өзекті мәселелер қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров сапалы және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуде сот-сараптама жүйесін жетілдіру аса маңызды екенін атап өтті. Сенатор заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту, материалдық-техникалық базаны жақсарту және сот шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз етудегі сарапшылардың рөлін күшейту қажеттігіне тоқталды.

«Сот-сараптама қызметі саласында сот-медицина сарапшылары мен медициналық емес саладағы сот сарапшыларының бірдей функционалдық міндеттерді орындаған кездегі еңбекақы төлеміндегі сәйкессіздікке байланысты проблема бар. Еңбекақы төлемінің деңгейі мамандықтың тартымдылығына әсер етеді және жоғары білікті мамандардың кетуіне, бірқатар өңірде сарапшылардың тапшылығына әкеледі. Бұл мәселе бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыс жүргізуі және тиісті шешім әзірлеуі талап етіледі», - деді Нұрлан Бекназаров.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев сот-сараптама жүйесін дамыту, сараптамалардың жаңа түрлерін, цифрлық технологиялар мен заманауи зерттеу әдістемелерін енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Атап айтқанда, министр материалдық-техникалық базаны жаңғырту, цифрлық сервистерді кеңейту және кадрларды даярлауды жетілдіру туралы хабарлады.

Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов Орталықтың қызметі, ағымдағы жұмыстары мен бар проблемалар туралы хабардар етіп, сондай-ақ оларды шешу жөнінде ұсыныстарды таныстырды. Әділет министрлігіндегі Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта негізсіз сараптамаларды қысқартуды, жеке сот сарапшысы мәртебесін енгізуді, біліктілік талаптарын күшейтуді, сондай-ақ процестерді «E-Saraptama» жүйесі арқылы одан әрі цифрландыруды көздейтін заңнамалық түзетулер топтамасы дайындалған.

 

Новости партнеров