Сенім телефоны: Алматы мектептерінде жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелер талқыланды

12.01.2026 19:57

Іс-шараны білім басқармасы Полиция департаментімен бірлесе ұйымдастырған

Алматы қалалық білім басқармасына қарасты «Психологиялық қолдау орталығына» күніне 15-20 қоңырау түседі. Сенім телефонына буллингке ұшыраған оқушылар, балалары үшін алаңдаған ата-аналар хабарласады. Бұл туралы аталған орталықтың директоры Медеу ауданындағы мектептерде білім алатындардың ата-аналары жиналысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараны білім басқармасы Полиция департаментімен бірлесе ұйымдастырған. Онда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, ерте жүктілік, лудомания, тағы сол сияқты мәселелердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

 «Балаларға, ата-аналарға және мұғалімдерге консультациялық кеңес береміз. Екіншіден, әдістемелік көмек, яғни мектептердегі психологиялық қызметке әдіскерлер көмек көрсетеді. Үшіншіден, жедел әрекет жасау, егер мектепте немесе басқа да оқу орындарында балалар хабарласып, қандай да бір жағдай болып жатса, жедел әрекет етіп, психологтарбарады», – деді Білім басқармасы психологиялық қолдау орталығының директоры Венера Қоқанова.

Сондай-ақ спикерлердің сөзінше, соңғы жылдары вейп қолданатын жасөспірімдер саны бірнеше есеге артқан. Сондықтантәртіп сақшылары отбасында ата-аналардың балаларға көбірек көңіл бөлінуі қажет екенін баса айтты. Жиында жастар арасында белең алып келе жатқан суицид мәселесіне ерекше назар аударылды. Жиын соңында ата-аналар спикерлерге өзін алаңдатқан мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алып, алдағы уақытта осындай жиналыстар көбірек өткізілсе деген ұсынысын айтты.

 «Заң мен тәртіп қағидаты, сонымен қатар «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында Алматы қаласының барлық мектебінде іс-шара өтіп жатыр. Бүгін Медеу ауданының № 99 мектебінде ата-аналар жиналысын өткізіп, жалпы балалардың құқықбұзушылыққа бару себеп-салдарын, балаларымыздың пышақ, кастет, суық қаруды пайдалануына тыйым салу, жалпы баланың тәрбиесі жөнінде өз міндетін дұрыс атқару жөнінде жұмыстар жүргізілуде», – деді Полиция департаменті ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.