Әсерге толы қала: Алматы төрткүл дүние туристерін несімен қызықтырады

30.04.2026 09:55
Аlmaty.tv

Almaty TV телеарнасы Алматының туристік инфрақұрылымын дамытуға және қаланың халықаралық тартылыс орталығы ретіндегі заманауи бейнесін қалыптастыруға арналған «Архитектор» ақпараттық-танымдық бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады.

Бағдарламаның кезекті саны мегаполистің ұлғайып келе жатқан туристік ағынын қалай игеріп, қандай жобалар жаңа тартылыс нүктесіне айналғанын көрсетеді және қарқынды дамып жатқан Алматы өз ерекшелігін сақтап қала ала ма деген сұраққа жауап іздейді. Сала мамандары мен сарапшылар қаланың өңірдің туристік картасындағы ұстанымын қалай нығайтып жатқанын қарапайым тілмен түсіндіріп береді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматыға 750 мыңнан астам шетелдік турист келсе, ішкі туристер ағыны 1,7 миллион адамға жетті. Көрсеткіштердің өсуіне ірі спорттық іс-шаралар, концерттер мен мәдени оқиғалар айтарлықтай үлес қосты. Нәтижесінде, 2025 жылы көрсетілген туристік қызметтер көлемі 15,2%-ға өсіп, 110,9 млрд теңгені құрады.

Көп жағдайда туристер Алматыға жақын шет елдерден келеді, десе де, Қытай мен Үндістан тарапынан да қызығушылықтың артқаны байқалады. Саяхатшылар демалып қана қоймай, жаңа әсерге бөлейтін тау көрінісін, табиғатты және мәдени ортаны іздейді. Осыған байланысты қалада оқиғалық, мәдени және тау туризмі белсенді дамып келеді.

«Соңғы уақытта Алматыда туризм саласының тұрақты дамуы мен қала қонақтары санының өсімі байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалаға 754 мың шетелдік турист келді, бұл алдыңғы кезеңдегі көрсеткіштерден 10%-ға жоғары», - деп атап өтті Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Оның айтуынша, қызығушылықтың артуына байланысты қала инфрақұрылымына түсетін салмақ та ұлғайып келеді. Биыл сегізге жуық жаңа қонақүй, соның ішінде халықаралық қонақүйлер желісінің нысандарын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Алматы жыл бойы қызмет көрсететін туристік орталық мәртебесін біртіндеп нығайтып келеді.

«Қаладағы туристік ағынның маусымдық құлдыраусыз, тұрақты қарқынмен ерекшеленетінін атап өткен жөн. Бұл Алматыда жылдың төрт мезгілінің айқын білінетініне байланысты», - деп түсіндірді Ғалия Тоқсейітова.

Қыста қала қонақтары тау шаңғысы курорттарына барса, жазда таудағы белсенді демалысты таңдайды, көктемде Наурыз мейрамы сияқты мәдени іс-шараларға қатысады, ал күзде Қала күніне деген қызығушылық жоғары болады.
Алматының негізгі бәсекелестік артықшылығы оның географиялық орналасу жағынан бірегейлігі болып отыр. Мегаполис орталығынан таулы аймаққа небәрі 20-30 минутта жетуге болады. Басты туристік орындардың бірі — жыл сайын 1,5 миллионнан астам келушіні қабылдайтын «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты.

«Шымбұлақ тау шаңғысы курорты 70 жылдан астам уақыт бойы дамып келеді әрі  тарихы да қызықты. Соңғы жылдары курорт көпфункционалды бағытпен дами бастады», - деді курорттың бас директоры Ринат Әбдірахманов.

Оның айтуынша, танымалдылықтың артуы инфрақұрылымды дамытуда жүйелі тәсілді қажет етеді.

«Жыл сайын келушілер санының тұрақты өсімі байқалады, бұл инфрақұрылымға түсетін салмақты стратегиялық тұрғыдан жоспарлауды қажет етеді», - дейді ол.

Болашақта трассаларды кеңейту және жаңа аспалы жолдар салу жоспарланып отыр, бұл курорттың өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермек.

Бағдарламада Алматы тау кластері жобасына, яғни бірыңғай туристік жүйе құруға бағытталған ауқымды бастамаға ерекше назар аударылды.

«Алматы тау кластері — ауқымды жоба. Оның мақсаты — шатқалдарды инфрақұрылымы дамыған бірыңғай туристік аймаққа біріктіру. Табиғи ортаны сақтауға ерекше көңіл бөлінеді, яғни жобаны жүзеге асыру барысында экожүйеге барынша азырақ әсер ету жағы қарастырылады», - деп атап өтті «Almaty Tay Management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Сағынғанов.

Сондай-ақ шығарылымда жыл бойы жұмыс істейтін ірі туристік кластердің бір бөлігіне айналатын Almaty Superski жобасының жүзеге асырылуы сөз болмақ.

«Жаңа туристік өнімдерді жасау халықаралық нарыққа бағытталған бірегей тау шаңғысы кластерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді «Kazakh Tourism Development LTD» ЖС бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.

Оның айтуынша, жобаның экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы да зор.

«Жоба бұқаралық спортты дамытуға және халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді», - деп толықтырды ол.

Сарапшылар Алматы туристік ағынның тұрақты өсімін көрсетіп отырғанын және халықаралық аренада қарқынды түрде ілгерілеп келе жатқанын айтады.

«Алматы турист тартудың өте жақсы қарқынын көрсетіп отыр. Әсіресе экотуризм мен мәдени туризм қарқынды дамып келеді. Шетелдік туристердің негізгі ағыны Алматы арқылы өтеді, яғни еліміздің көшбасшы қонақжай қаласы болып отыр», — деді туризм саласындағы сарапшы Аслан Қоңырханов.

Сала өкілдері таудағы демалысқа деген қызығушылықтың артқанын да атап өтті.

«Алматыда тау шаңғысы спортына сұраныс өте жоғары деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар инфрақұрылым қалың бұқара үшін қолжетімді бола түсуде», - деді тау шаңғысы мектебінің өкілі Ғазиз Омарбеков.

Бағдарлама барысында жүргізілген әлеуметтік сауалнама да туристік инфрақұрылымды дамытудың өзектілігін растайды. Туристер санының артуымен қатар, қалалар арасындағы бәсекелестік те күшейе түскен. Сондықтан Алматы үшін табиғи артықшылық қана емес, қызмет көрсету сапасы мен тиісті инфрақұрылым құру арқылы даму да маңызды.

Оқи отырыңыз: «Архитектор» бағдарламасы: Алматы-1 вокзалы қалай жаңғырып жатыр