Шаруалар жанайқайы: Жамбыл облысында 100 мың тонна қант қызылшасы әлі алқапта жатыр

Бұл - 3 аудан диқандарының ала жаздай жиғаны

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында 100 мың тонна қант қызылшасы әлі күнге алқапта жатыр. Бұл - 3 аудан диқандарының ала жаздай жиғаны. Шаруалар "енді 10 күнде өніміміз өтпесе, шіріп кетеді" деп дабыл қағып отыр. Ал аймақтағы қант зауыты тәтті түбір қабылдауды тоқтатпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шығынға батамын ба деп шырылдап жүрген шаруаның бірі – Қамбар Қатаев. Ол күн-түн демей, қызылшасын қарауылдап жүр. Себебі мал біткеннің бәрі үйілген қызылшаға үйір болған. Диқан қант қызылшасымен 6 жылдан бері айналысып келеді екен. Бірақ биылдағыдай өнімді өткізуден қиындықты көрмедік дейді. 60 гектардан алған 3 мың тонна тәтті түбірі енді бұзылып барады.

"Кредит алып еккенбіз. Кредитті қазірше тоқтатып қойдық. Бұған 120 миллион теңге кетті. Бейнеттеніп жаздай істеген жұмысымыздың бәрі далада қалып жатыр, міне.  Мал жайылып жеп жатыр, шіріп жатыр. Оны алатын адам әлі белгісіз. «Ана жаққа апар, мына жаққа апар» деп ешкім айтып жатқан жоқ. Күн осылай жылы болып тұрса, 10 күннен кейін жарамай қалады-ау", - деп қынжылады шаруа Қамбар Қатаев.  

Қазір далада жатқан өнімінің басымы Байзақ ауданында. Онда 60 мың тоннаға жуық қант қызылшасы бар көрінеді. Ал Қордай ауданында 24 мың, Жамбылда 12 мың тоннадан аса тәтті түбір алқапта қалған.

"Қаржымыз құр босқа кетті. Еңбегіміз зая кетіп жатыр. Әкім қарамаса да, Үкімет, министрлік қарасса дейміз. Келер жылы енді ешкім екпейді ғой. Құлшыныс жоқ ешқандай. Үкімет көмектеспесе, қарапайым халық тығырыққа тіреліп жатыр", - дейді шаруа Сәкен Ералиев.

Ал аймақтағы жалғыз Меркі қант зауыты жақын аралықта қызылша қабылдауды тоқтатпақ. Себебі кәсіпорын бүгінге дейін 438 мың тонна өнім қабылдаған. Ары қарай қуаттылығы жетпейді. Сондықтан жауаптылар қалған өнімді Қырғызстан мен Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытына жөнелтіп жатыр.

"Қазір 10-15% қалды. 90-100 мың тоннаға жуық өнім қалды. Оның 15 мың тоннасын біз Меркіге өткіземіз. 40 мың тоннасын Ақсуға, қалған 45 мың тоннасын Қырғызстанға жөнелту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қырғызстанға жөнелтілетін өнім теміржол арқылы жүзеге асады. Күнделікті 12-15 вагонға дейін жіберіп отырмыз", - деді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев.

Жауаптылырдың сөзінше, қант қызылшасы Қырғызстанға тек өңдеу үшін жіберіледі. Сол үшін де шетел зауытына бюджеттен әр тоннасына 25 мың теңге төленбек. Содан соң қант қайта елге әкелініп, ел нарығында саудаланбақ. Өңір билігі ай соңына дейін барлық алқаптағы өнімді өткізіп, мәселені шешеміз деп мәлімдеді.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, "Алматы" телеарнасы, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Енді шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндеттеледі

Новости партнеров