Шемішке шағуға шектеу қойыңыздар: Шардара жағажайы қалай тазартылады

17.07.2025 18:29

Мәселеге облыс әкіміні араласып, шұғыл шара қабылдауға кірісті

Тұрғындар тыным алып, бой жазатын жағажай қоқыс алаңына айналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шашылған қоқыс, су бетінде қалқыған бөтелкелер мен шіріген қалдықтар. Бұл – Шардара жағажайының бүгінгі келбеті. Тұрғындардың айтуынша, мұнда тазалық жұмыстары жүргізілмейді. Сондықтан ата-аналар бала жетектеп келуден қорқатын халге жеткен.

«Небір адамдар бар,  судың жағасында ұят тірлікке барады. 102-ге хабарласып, айыппұл төлеткізгем»,– деді қоғам белсендісі Замира Тағаева.

Тазалықтың жоқтығы — мұндағы жалғыз түйткіл емес. Жағажайда киім ауыстыратын орын да, жуынатын жер де қарастырылмаған. Ал әжетхана болса, тым алыста. Жауаптылар мұндай бейберекет жағдайға демалушылардың өздері кінәлі деп отыр. Себебі келушілер арасында тәртіп бұзатындар аз емес, соңғы екі айдың өзінде жүзден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

«Мониторинг жасаған кезде құқық бұзушылық болса, хаттама міндетті түрде толтырылады. Қауіпсіздік ережелерін сақтамай, суға құтқару кеудешесін кимей түседі», – деді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Қаратұнов.

Шардара жағажайындағы былықтан соң, мәселеге облыс әкіміні араласып, шұғыл шара қабылдауға кірісті. Ол тазалыққа салғырт қараған кәсіпкерлерге ескерту жасап, тәртіпті ретке келтіру үшін полицияға бақылауды күшейту тапсырды.

«Шемішке шағуға шектеу қойыңыздар. Көпшілік жерде болмайды ғой, дұрыс па? Отырғандардың бәріне штраф салып шығыңыздар керек болса. Ең бірінші тәртіп сақтап, тазалыққа мән беруіміз керек», – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров

Өңір басшысының араласуы жағажайды қаншалықты жақсартаныны әзірге белгісіз. Ал тұрғындар берілген тапсырманың нақты орындалуын күтіп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Геологтар аллеясына күрделі жөндеу жүргізіледі