Шенеуніктердің уәдесінен шаршадық: жол азабын тартқан атыраулықтар шу шығарды

30.05.2025 21:48

Әкімдіктің сөзінше, аталған жобаға бойынша 5 көше жөнделеді

Атыраудың іргесіндегі тұтас бір ауданда жылдар бойы жолдың жайы шешілмей келеді. «Шенеуніктерден уәде алуға шаршадық» деген ағайын аумақты өз беттерінше жамап та қойған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жанайқайын жеткізу үшін жиналған жұрт жыл сайын уәде беріп, сөзінде тұрмаған шенеуніктерге өкпелі. Себебі атқамінерлер асфальт төсемей кеткен көрінеді. Соның кесірінен ағайын жылдың төрт мезгілінде жол азабын тартып отыр. Ал жаңбыр жауса жағдай тіптен қиындайды.

 «Жедел жәрдемді шақыру, өрт болатын жағдайда көмекке келуі өте қиын», – деді Самал ықшамауданының тұрғыны Әлмұрат Қамаш.

 «Алты жылдан бері 60 түрлі қиындыққа шалдығып жатырмыз. Жаңбыр жауса, көл болады. Мүлдем жедел жәрдем кірмейді. Балаларымыз мектепке баруға қиналып жүр. Алған көлік шетінен сынып болды. Аяқ-қолымызды сындырдық,  құлап», – деді Самал ықшамауданының тұрғыны Гүлсара Тоғжанова.

Айта кету керек, жолдың жайын жыр қылып отырған бір ғана көшенің тұрғындары емес, мәселе – осындағы жұрттың бәріне ортақ. Бірақ тұтас шағынаудан шаңға көміліп отырғанда, келесі көшедегі әкімдік өкілінің ауласы теп-тегіс. Тұрғындардың айтуынша, жолға жауапты маманның жөнді жауап бермеген.

 «Әкімдікке барғанда Эдуард Оспанов деген кісі «сіздерге жол жоқ» деп қағазын жауып тастады. Артынша, бір демалыс өтпей өзінің көшесіне жол салуға жанталасып жүр», – деді Самал ықшамауданының тұрғыны Талап Боранов.

Аталған мәселені айтып, жауапты басқармаға сауал жолдадық. Олар жолдың жоғын жасырмады. Айтуынша, аталған аумаққа асфальт төсеу үшін қаржы бөлінуі тиіс.  

«Қала әкімдігі тарапынан көшелерге жобалау-құжаттау сметасы жасақталып бітті. Мемлекеттік-сараптамаға жүктелді. Жоспар бойынша маусымның соңына қарай, қорытындысын аламыз. Бюджеттен қаражат сұратамыз», – деді  Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығали.

Әкімдіктің сөзінше, аталған жобаға бойынша 5 көше жөнделеді. Әзірге жол жөндеудің нақты қашан басталатыны белгісіз. Ал азаматтар жұмыс жүреді дегенге тіптен сенбейді.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Құлсарыда жанармай бекетінде жарылыс болып, екі адам қаза тапты