Шерзат Полаттың өліміне қатысты үкім қашан шығады

Тоғыз сотталушының алтауы өздеріне қатысты қозғалған қылмыстық іспен келіспейтінін жеткізсе, қалған үшеуі тағылған айыпты мүлдем алып тастауды сұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар деп танылған сотталушыларға бейсенбіде үкім шығады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарыссөз кезеңінде сөз алған тараптар үкім шығар алдында оқиғаға қатысты қорытынды ой-пікірін ортаға салды. Жәбірленушілердің өкілдері бұған дейінгі айтылған бағыттан айнымады. Айыпталушыларға шектік жаза тағайындауды сұраған олар 9 жігіттің де қылмысқа қатысы бар деп санап отыр.

«Біз топтық деп есептегендіктен, өтініш хатты түсірдік. Топтыққа саралау біздің құзыретімізде емес, ол прокуратураның құзыретінде. Прокуратура өкінішке қарай, онымен келіскен жоқ. Әркім өз уәжінде қалды. Сондықтан қоғам алдында арымыз таза деп ойлаймыз. Шыны керек, біреуі өлтіруге бара жатыр, қалғаны жай барған жоқ қой. Шынасыл Абзал да өзінің не істеуге бара жатқанын білді. Яғни, ол топтық қылмыс еді», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев.

Бүгінгі жарыссөзде негізінен сотталушылар мен олардың өкілдері сөз алды. Балаларын басы бүтін айыпқа қимаған ата-аналар аталған істе Нұрымовтар әулетінің де кінәсі бар деп санайды. Сот төрағасынан әділ шешім шығаруды сұраған олар тергеу кезінде айыпталушыларға қысым көрсетілген дегенді алға тартты.

«Біріншіден, менің айтатыным, оқиғаның басталуына жәбірленуші Нұрымов Қаржаубайдың өзі түрткі болған. Бұл бейнежазбада көрініп тұр. Сол жерде 4 адам жүр. Балалар бармай тұрып, әжесі жүр, анасы жүр, ағасы мен Қаржаубай жүр. Сонда жалғыз бір Шерзатты қорғай алмағандары ма?» – деді  сотталушылардың анасы Айгүл Кемелбекова.

Айыпталушылардың да негізінен айтқаны - осы. Өздеріне тағылған кінәні мойындамаған олар төбелесті жәбірленушілер бастағанын айтты. Кейбірі Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты да жауапқа тартып, қылмыстық іс қозғауды сұрады.

«Қарап тұрсаңыз, құрметті сот, іске тікелей қатысы бар, оқиғаға себепші болған жәбірленуші Қаржаубай. Ол бірінші Шерзат марқұмға мен туралы жалған ақпарат беріп, балалар келгенде пышақ шығарып, агрессия танытпағанда, Шерзат келген балалардың бірін ұрмағанда мұндай төбелес орын алмайтын еді», – деді айыпталушы Дархан Әскентай.

9 сотталушының алтауы өздеріне қатысты қозғалған қылмыстық іспен келіспейтіндерін жеткізсе, қалған үшеуі тағылған айыпты мүлдем алып тастауды сұрайды. Нақтырақ айтсақ, «Қамажай» дүкеніне алғаш болып барып, сыра алған Дархан Әскентай «Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық» бабын толық ақтауды өтінді. Дидар Қалиахмет те осындай ойда. Ал кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ қылмыс туралы тиісті орындарға хабарламағанын кешіруді сұрады. Басты айыпталушы Абзал Шынасылдың да айтары бар.

«Алдында жауабымда айтып өткендей, Шерзат Полатқа қол ұшым тиіп, оны өлтірген жоқпын. Шерзатты өлтірген болсам, алдыңғы жауабымда-ақ мойындайтын едім. Мен істеген ісінен қашатын жігіт емеспін, мен ақиқатты айттым. Бір қателігім, сол кезде мойындап, мойныма алғаным. Құрметті сот, мен жазадан қорықпаймын. Әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын!», – деді сотталушы Абзал Шынасыл.

Тараптар тыңдалған жарыссөз бүгін осылай аяқталды. Қоғамды дүр сілкіндірген атышулы істің нүктесі 2 күннен соң, 5 маусым сағат 16:00-де қойылмақ.

Мадина Оқас, Мирас Анитов, Талдықорғаннан

Сот отырысында Шерзаттың анасының пікірін оқығанын еске салайық.

Новости партнеров