Шерзаттың ісі: Гүлбара Бишембиева сотқа қайта шақырылады

22.05.2025 18:38

Мемлекеттік айыптаушылар қайғылы оқиға болған жерде түсірілген куәлердің видеосын жариялады

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі процессте мемлекеттік айыптаушылар қайғылы оқиға болған жерде түсірілген куәлердің видеосын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бейнежазбада тергеушілер Қаржаубай Нұрымов және оның адвокаттарымен бірге «Қамажай» дүкеніне кіріп, күміс түсті, ұшы жоқ, тұтастай темір ас пышағын тәркілеген. Видео көрсетіліп жатқан сәтте, сотталушылардың бірі төбелес болған күні Нұрымовтың қолында сабы сары түсті пышақ болғанын айтты. Алайда судья жазбаға қатысты пікірді жарыссөзге қалдырды. Іс бойынша куә деп танылған қыздардың бірі – Дана Жақсыгелдінің де жазбасы көрсетілді. Онда ол оқиға болған күні қасындағы құрбысының дүкеннен энергетикалық сусын сатып алғанын, кейін ол сусынмен Абзал Шынасылдың пышақ тазалап жатқанын көргенін айтты.

Айта кетейік, кешегі отырыста негізгі айыпталушы – Абзал Шынасыл марқұм Шерзат Полатқа тиіспегенін, бірақ Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына пышақ сұққанын айтқан.

Сондай-ақ іс құжаттарын зерделеу кезінде Шерзаттың анасы мен сотталушы Дидар Қалиахметті беттестіру кезінде берген жауаптардың хаттамасы оқылды.

Ал түс ауа сот процесіне төрағалық етуші күні кеше желіде тараған аудиожазбаға қатысты үкім шығарып, оған кімдердің қатысы бар екенін және оның мәнін анықтауды, шынайылығын тексеруді прокурорға тапсырды.

Еске салайық, 29 сәуірдегі өткен тікелей эфирде де процесстен кейінгі айыпталушылардың бейнесі ақпараттық кеңістікте кең тарап кеткен. Бүгін судья осыған қатысты қызметтік тексерістің нәтижесін жариялады. 

 «Қызметтік тексеріс кезінде сот барысында онлайн трансляция бойынша таратылған техникалық қызметкерлердің түсірілімді уақытылы тоқтатпағаны, соның нәтижесінде күдіктілердің бейнежазбасы эфирге шыққаны анықталды. Нәтижесінде техникалық қызметкерлер Рүстем Муксинов, Назира Оразалиева, Сәуле Қайдағұлова тәртіптік жазаға тартылды, – деді судья Ержан Жанұзақов.

Айта кетейік, Шерзаттың анасы мен сотталушы Дидар Қалиахметтің беттесудегі жауабында Гүлбара Бишембиева Нұрқанат Ғайыпбаевқа кімнің пышақ салғанын көрмегенін айтты. Сотталушының қорғаушысы Шерзаттың анасынан қайта жауап алуды сұрады. Тараптар қарсылық білдірмеген соң, судья Гүлбара Бишембиеваны сотқа қайта шақыру туралы шешім шығарды. Ал жәбірленуші тараптың адвокаты екіұшты жауапқа Қаржаубай отбасының психологиялық ауыр хәлі себеп болуы мүмкін дегенді алға тартады.

Рүстем Айткәрім, Талдықорған

Еске салайық, Ержан Жанұзақов блогерлерге және әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады