Шерзаттың өлімі: Алматы облысының әкімі көпшілікті сабырға шақырды

13.12.2024 15:45

Өңірде ауыр қылмыстар саны 8,8 пайызға азайған

Алматы облысында ауыр қылмыстар саны 8,8 пайызға азайған. Ал кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық 11 процентке төмендеген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев полиция жұмысының сапасын арттыру үшін қаржыландыру көлемінің шамамен 18 миллиард теңгеге жеткенін атап өтті. Орталық коммуникациялар алаңында есеп берген Алматы облысының әкімі қазақстандықтарды алаңдатқан Шерзат Болаттың ісі туралы да айтты.

"Ол жанұяға көңіл айтамыз. Мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары толық жұмысын атқаруда. Қазіргі таңда ол министрдің және Бас прокурордың жеке бақылауында. Сабырлық сақтап, құқық қорғау органдарының берген мәліметтеріне көңіл бөліп, сену. Өйткені олар ашық түрде жұмыс жасап жатыр", – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Марат Сұлтанғазиев облыстағы үш ауысымды мектептердің санын «Жайлы мектеп» жобасы арқылы азайтатынын айтты. Президенттің бастамасымен қолға алынған бағдарлама арқылы биыл 26 оқу орнының құрылысы басталған. Жыл басынан бері 3 жекеменшік инновациялық мектеп пайдалануға берілсе, жаңа жылға дейін 6 мың 300 орындық тағы 5 білім мекемесінің құрылысы аяқталады.

"Соңғы 3 жылда білім беру саласына 965 миллиард теңге бағытталады. Осы кезеңде оқушылар құрамының саны 7,3 мыңға артты. 78 мектепті жаңғырту және 62 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілді", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Оқи отырыңыз: Шерзат Болаттың қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталуға жақын