Алматы облысының әкімдігі үйді жөндеп беретінін айтты
Елдің қабырғасын қайыстырған 16-жастағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін бір апта болмай, марқұмның үйі түгел өртеніп, қайғыдан қан жұтып отырған отбасы баспаналарынан да айырылып қалды. Қоғам назарындағы іс ендігіде екі қылмыстық бап бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Баласын жер қойнауына тапсырып, жетісіне дайындалып жүрген Нұрымовтар әулеті баспанасыз қалды. Екі күн бұрын отбасының Азат ауылындағы үйі түгі қалмай жанып кетті. Марқұмның жақындарының пікірінше, бұл – қасақана жасалған іс.
"Не себепті қорқытты? Мен 3:30 көлікпен үйге келе жатқанда, 2 рет жол апатына түсе жаздадым. Соңымнан көлік қуып келгендіктен, біз де жылдамдықты күшейттік. Сол себепті қорғауды өтіндік. Бірақ үй өтренгеннен кейін, жұмысты бастады", – деді марқұм Ш. Болаттың әпкесі Перизат Нұрымова.
Азат ауылындағы Нұрымовтардың қара шаңырағы алапат өрттен кейін отқа оранып, ішінен тек күл мен қоқыс ғана қалған.
Айта кетейік, аулаға кіру мүмкін емес, себебі құзырлы органдар күні-түні жұмыс істеп, әлі де сараптамалар жүргізіп жатыр.
"Орны толмас қайғы үстіне тағы бір қайғы". Сол қаралы түні Шерзатпен бірге дүкенге барып, 3 пышақ жарақатын алған ағасы Нұрғанат Ғаипбаев өртенген үйде марқұмның заттары, ол жайлы естеліктер болғанын айтып, көзіне жас алды.
"Мен келгенде үй күлге айналған. Өрт сөндірушілер өшіріп жатты. Шерзат екеуміз салған үй еді. Марқұм Шерзаттың қара шаңырағы, осы үйде өсті, өнді. Еш естелік қалған жоқ", – деді марқұм Ш. Болаттың ағасы Нұрғанат Ғаипбаев
Шерзат Болаттың қазасынан кейін отбасы Азат ауылындағы апасының үйінде тұрып жүрген. Ал қызыл жалын жалмаған баспана бірнеше күн қараусыз тұрған көрінеді. Ал отбасының заңгері қайғылы оқиғадан кейін, түрлі алаяқтардың пайда болғанын айтып, мәлімдеме жасады.
"Әлеуметтік желіде алып-қашпа әңгіме көп. Отбасының қайғысын пайдаланып, ақша жинап жатқандар бар. Екі парақшаны тауып, арыз түсірдік. Егер көмек керек болып жатса, отбасы үндеу жасайды", – деді жәбірленуші тараптың ресми өкілі Саида Тәуекелова.
Екі қылмыстың іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, үйді өртеу бойынша барлық айғақтар алынып, қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр.
"Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынуда, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде.Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен оған әкелуі мүмкін себептері анықталуда. Талғар ауданында қаза тапқан кәмелетке толмаған баланың отбасы күзетпен қамтамасыз етілген. Отбасының тұрғылықты жері бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінің тарапынан тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды", – деді Алматы облысы Полиция департаменті.
Перзентінің қазасынан айығып үлгермей, қан жылап отырған отбасы тергеудің әділ жүруін талап етеді. Қазір оларды полиция қызметкерлері тәулік бойы күзетіп жатыр. Ал Алматы облысының әкімдігі отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетуге уәде беріп, үйді толық жөндеп беретінін айтты.
Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Түркістанда күйеуін қылқындырып өлтірген әйел сотталды