Синтетикалық есірткі өндіретін 2 нарколаборатория және каннабис өсіретін 1 фитолаборатория жойылды
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері есірткіге қатысты 261 қылмыс жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биыл өңір бойынша 261 есірткі қылмысы тіркелді. Оның ішіндегі 120-ы (46%) - есірткі сату фактілері. 166 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Заңсыз айналымнан 380 келіден астам есірткі, оның ішінде 132 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
Синтетикалық есірткі өндіретін 2 нарколаборатория және каннабис өсіретін 1 фитолаборатория жойылды.
"Осы мақсатта облыстың мектептері мен жоғары оқу орындарында есірткінің зияны туралы тақырыптық сабақтар өткізу қажет. Сабақ барысында облыс прокуратурасының бастамасымен түсірілген «Еркіндік иллюзиясы» атты деректі фильм көрсетіледі. Онда жеңіл ақшаға құмар болған жастардың өмірінен алынған нақты оқиғалар баяндалады", - дейді облыс прокуроры Алмат Байшолақов.
Синтетикалық есірткінің өңір аумағында бақылаусыз және еркін таралуына қарсы іс-қимылдың жаңа механизмі ретінде облыс прокуратурасы әкімдік және полиция департаментімен бірлесіп «STOP есірткі!» пилоттық жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Бұл жоба бойынша азаматтарға есірткі, әсіресе синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымы туралы расталған мәліметтерді хабарлағаны үшін ақшалай сыйақы беріледі.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында Еуразиялық логистикалық паркінің құрылысы басталды