ШҚО-да пойыз екі адамды қағып, біреуі көз жұмды

22.08.2025 19:31

Екіншісі жедел түрде ауруханаға жеткізілген

Шығыс Қазақстанда пойыз екі адамды қағып кетті. Бірі ауыр жарақаттардан сол жерде жан тәсілім етті. Екіншісі жедел түрде ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға бүгін Коршунов – Өскемен-1 учаскелерінің аралығында болған. «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, пойыз тізгіндеген машинист шойын жолда екі әйелді байқаған бетте шұғыл тежеуішті басқан. Бірақ апаттың алдын алу мүмкін болмапты.

«Қақтығысты болдырмау мүмкін болмады. Оқиға салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмды, екіншісі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. «ҚТЖ» марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады. Сондай-ақ зардап шеккен әйелдің тез сауығып кетуін тілейді», – деді «ҚТЖ» ҰК АҚ Магистральдық желі дирекциясы департаменті директорының орынбасары Елболсын Әдікенов.

Белгілі болғандай, пойыз бір отбасы мүшелерін қағып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, қайтыс болған 72 жастағы әйелдің аяғы рельске қысылып қалған. Сол сәтте қызы анасын құтқармақ болып ауыр жарақат алған. Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жергілікті халық бұл аумақтағы шойын жолдың маңына қоршау қою мәселесін жылдар бойы көтеріп келген.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде», – деді «Өскемен-1» стансасы Желілік полиция бөлімі басшысының орынбасары Асхат Қазыкешев.

Оқи отырыңыз: Алматыда көлік саласындағы стратегиялық жобалар талқыланды