ШҚО-да жыл басынан бері 1,5 тоннаға жуық балық заңсыз ауланған

05.06.2025 08:36

Бір жарым айдың ішіндегі рейдтер барысында 117 әкімшілік құқық бұзу тіркелген

Fredrik Öhlander/ unsplash.com/

Шығыс Қазақстан облысында уылдырық шашу маусымы кезінде 92 браконьерлік фактісі тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өңір бойынша сәуір айының ортасында басталған «Уылдырық шашу-2025» акциясы мәресіне жетті. Бір жарым айдың ішіндегі рейдтер барысында 117 әкімшілік құқық бұзу тіркелген. 

"Оның ішінде 92-сі — заңсыз балық аулау, 24-і — кемемен қатынау ережелерін бұзу, 2-і — су айдындарын ластау, 1-і — балықты заңсыз тасымалдау. Тексеру барысында құқық бұзғандардан 130 балық аулау торы мен 3 қайық тәркіленді. Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы 44 келі", — дейді Зайсан-Ертіс аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Фархат Байбазаров.

Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 2 422 000 теңгеге жеткен. 

Жалпы осы жылдың басынан бері инспекция 656 рейд өткізіп, нәтижесінде 1,5 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық пен 973 құрал-жабдықты тәркіледі. 

Оқи отырыңыз: Жібек жолы самалы: «Есік» музейінде фотокөрме өтті