ҚР жол жүру қағидасы 20 жылдан астам уақыттан бері бар
Көлікті аулада ұзақ уақыт қыздырсаңыз, айыппұл арқалайсыз. Елімізде жол қозғалысының ережелері тек жылдамдықты шектеумен ғана емес, экологияға деген әсерімен де өлшеніп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Темір тұлпардың қозғалтқышы тұрғын үй ауласында 5 минуттан артық жұмыс істеп, ол маңайдағы адамдарға кедергі келтірсе, қалтадағы қаражаттан қағыласыз. Еліміздің жол жүрісі ережелерінің 88-бабы 5-тармағына сәйкес, тәртіпті бұзған азаматқа 19 мың 660 теңге айыппұл салынады. Егер көлік жүргізушісі бұл ережені 12 ай ішінде қайта бұзса, айыппұл мөлшері еселенеді. Жүргізушілердің бұған қатысты пікірін білдік.
"Ауылда тұрам ғой. Таңертең 30 сағат қыздырам. Машина сол кезде ғана жылып тұрады. Қайдан қызып үлгереді?" – деді қала тұрғыны Қайрат Мерғалиев.
"Дұрыс шығар, Еуропада пайдаланады. Солтүстік регион болғаннан кейін 5 минут аздау болар. Бір 10-15 минут болса, жобасы дұрыс болар", – деді қала тұрғыны Мақсат.
"Жаз болса жарайды түсінемін. Паркингтің өзінде қыздырасың ғой. Қыстың күні ұзақ уақыт керек. Тоңып далада тұрғаннан көрі, жылынып отырамыз", – деді қала тұрғыны Аймұрат Бөкеев.
Ал Ішкі істер министрлігі бұл жайтқа қатысты тек жазбаша жауап берді. Ведомствоның таратқан ақпарына сай, көліктің тоқтап тұруы жолаушыларды отырғызып немесе түсірумен байланысты болмаса, онда ол әдейі тоқтап тұрған болып есептеледі. Министрлік жіберген хабарламада бұл норма жаңа емес екені жазылған.
ҚР ІІМ баспасөз қызметі:
"Бұл жаңа норма емес. ҚР жол жүру қағидасы 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады".
Көлікті 5 минуттан артық қыздырмаймын деп машинаңызды бұзып алмаңыз. Ұзақ уақыт тоқтап тұрсаңыз, полицейлер бірден келіп айыппұл салмайды. Тәртіп бұзған көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 5 минуттан асатын бейнежазба болуы тиіс. Кадрда көліктің мемлекеттік нөмірі, оқиға уақыты мен күні нақты көрсетілуі қажет. Сондай-ақ бейнежазбада көліктің ұзақ уақыт қосулы тұрғаны анық көрінуі тиіс.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана