57 млн теңге жымқырды деген күдікті Швециядан экстрадицияланды

09.11.2024 11:46

Күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған болатын

Видеодан кадр

Бүгін Бас прокуратура мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Стокгольмдегі елшілігінің көмегімен бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Швеция корольдігінен Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ол 2015–2020 жылы Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істеп жүріп, өзіне сеніп тапсырылған 57 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді", - делінген ведомство хабарламасында.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Биылғы ақпан айында ол Швецияда ұсталды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, қазір Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Айта кету керек, Швеция Корольдігімен экстрадициялау туралы келісімнің жоқтығына қарамастан, сотталушыны экстрадициялау Қазақстан Бас прокуратурасы мен Швеция Әділет министрлігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.

Одан басқа, өткен жылы швед тарапы Қазақстанға іздеуде жүрген 2 адамды экстрадициялаған болатын, олар қазір әртүрлі жаза түрлеріне сотталғанын еске саламыз.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында жұмысшылар бір жыл бойы жалақы алмаған